Жаңалықтар

Президент: Жасанды интеллект мемлекеттік басқаруды түбегелі өзгертіп жатыр

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманда жасанды интеллектіні дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін еместігін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект тек экономиканың қозғаушы күшіне айналып қана қоймай, мемлекеттің егемендігін қамтамасыз ететін маңызды факторға айналып отыр, деп жазды qandastar.kz

– Біз бұл үрдістерден шет қалмауымыз керек. Сондықтан алдымызға биік мақсат қойдық – Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл туралы мен Жолдауымда жан-жақты айттым. Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметтердің 92 пайыздан астамы онлайн форматта көрсетіледі. Былтыр елдегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 85 пайыздан асты. Биылғы жарты жылдың ішінде 26 миллионнан астам цифрлық қызмет ұсынылды, оның жартысы смартфон арқылы жүзеге асты. Бұл – жақсы көрсеткіштер. Бірақ жаһандағы жасанды интеллект даму қарқыны өте жоғары. Сол себепті үнемі жаңаша ойлап, жаңаша қадам жасауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл сөзін «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мүмкіндіктер және сын-қатерлер» тақырыбындағы басқосуда айтты. Ол бүгінгі заман түбегейлі өзгерістер дәуірі екенін және жасанды интеллекттің экономиканы, мемлекеттік басқаруды, ғылым мен білімді түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті.

– Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі мен егемендігі осы технологияны қаншалықты тиімді қолдана алатынымызға байланысты. Жасанды интеллект – қазіргі трансформацияның негізгі қозғаушысы. Бұл орайда біз аймақтық немесе жаһандық көшбасшылыққа ұмтылып отырмыз деп айтпаймын. Басты мақсат – Қазақстанды озық, өркениетті елге айналдыру. Көптеген жетекші мемлекеттер ЖИ-ді XXI ғасырдың стратегиялық ресурсы ретінде қарап, оған ауқымды қаржы бөліп жатыр. Мәселен, Қытай «ЖИ+» атты ұлттық бағдарламаны іске асырып, жасанды интеллектіні экономиканың, ғылым мен әлеуметтік саланың барлық бағытына интеграциялап жатыр. Ал АҚШ бұл салада әлем бойынша көшбасшы болуды көздеп, тиісті стратегиясын жүзеге асыруда. Бұл мысалдар жаңа жаһандық даму парадигмасының қалыптасып жатқанын көрсетеді. Жасанды интеллект – технологиялық бәсекенің негізгі факторы. Қазақстан бұл үдерістен шет қалмауы тиіс. Сол себепті біз Жасанды интеллект министрлігін құру туралы шешім қабылдадық, – деді Президент.

Back to top button