Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Саяси бәсекелес қажет болмады»: саясаттанушы Назарбаевтың вице-президент лауазымын неге жойғанын айтты

Танымал саясаттанушы Досым Сәтпаев елде вице-президент лауазымын қайта енгізу жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Айуынша, бірқатар елде вице-президент сенат төрағасының қызметін атқарады.

«Іс жүзінде ықтимал мұрагерлер иерархиясында орын алмастыру орын алды. Бұған дейін таратылған Сенат спикері институтының орнын енді өз құзыреті бар вице-президент басады. Айта кету керек, бірқатар елде вице-президент дәл осы Сенат төрағасының қызметін атқарады», — дейді саясаттанушы.

Сәтпаев бұған дейін де ел тарихында вице-президент лауазымы болғанына тоқталды.

«Вице-президент институтының бастауы Қазақ КСР кезеңіне барып тіреледі. Ол кезде бұл қызметті Ерік Асанбаев атқарған. Бірақ 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін, 1996 жылы Нұрсұлтан Назарбаев бұл лауазымды жойды. Себебі сол кезеңде президентке орынбасар да, ықтимал саяси бәсекелес те қажет болмады», — деді ол.

Алайда саясаттанушының пікірінше, жаңа парламент құру бюджет шығынын елеулі түрде қысқартпайды.

«Қазіргі жағдайда, байқап отырғанымыздай, Тоқаев бәсекелестіктен бұрын жүйенің сабақтастығы мен мұрагерлік мәселесіне, сондай-ақ вице-президент пен болашақ бірпалаталы парламент спикері арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерінің жаңа конфигурациясына көбірек мән беріп отырған сияқты. Айта кетейік, жаңа бірпалаталы парламент құрамына 147 депутат енгізу ұсынылуда. Бұл көрсеткіш бұрынғы екіпалаталы парламенттегі депутаттар санынан айтарлықтай аз емес. Сондықтан депутаттардың жалақысы бойынша бюджет шығындарын елеулі түрде қысқарту мүмкін болмайды», — деп атап өтті саясаттанушы.

Сәтпаев сонымен қатар вице-президент институтының қандай функция атқаратынына тоқталып өтті.

«Вице-президент институтына келсек, әдетте ол үш негізгі функцияны орындайды. Біріншіден, президент қайтыс болған, қызметінен кеткен немесе импичмент жарияланған жағдайда оның өкілеттігін уақытша өзіне алатын көшбасшы. Екіншіден, жүйедегі саяси балансты ұстап тұрушы. Үшіншіден, президенттің арнайы тапсырмаларын орындап, парламенттегі бақылаушы болады. Бұған қоса, вице-президент парламентке президенттің мүддесін ұсынады», — деді саясатанушы.

Еске сала кетейік, Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметі енгізілетінін айтты.

Ал Ерлан Қарин атқарған мемлекеттік кеңесші лауазымы таратылады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button