Жаңалықтар
Президенттің тапсырмасымен қазақстандықтар Ливаннан елге жеткізілді
Фото ©REUTERS
Ливаннан 41 қазақстандық аман-есен елге жеткізілді, деп жазады qandastar.kz
Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің күшеуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдарының қатысуымен Ливаннан Қазақстан азаматтарын және олардың отбасы мүшелерін елге эвакуациялау шаралары жүзеге асырылды.
“Аталған операция Ыстанбұл және Дубай қалалары арқылы ұйымдастырылып, нәтижесінде 2024 жылғы 17-31 қазан аралығында Бейруттан Астана мен Алматы қалаларына 41 адам аман-есен жеткізілді”, – делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израиль, Иран және Ливандағы консулдықта қазір дипломаттар мен олардың отбасы мүшелерін қосқанда 360-қа жуық Қазақстан азаматы тіркелгенін айтқан болатын. Алайда, барлық азаматтар тіркелмегендіктен, нақты көрсеткіш жоғары болуы мүмкін.