Депутат Самат Нұртаза Қазақстандағы саяси реформаларға байланысты өз көзқарасын білдіріп, бір палаталы Парламент туралы пікірін жария етті. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағыттағы ұстанымы — саяси жүйені жаңғыртудағы маңызды қадам, деп жазады qandastar.kz
Самат Нұртаза Мемлекет басшысының сөзінен болашақта Парламент құрылымында жаңа комитеттердің ашылуы мүмкін екенін аңғаруға болатынын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай өзгерістер заманауи талаптарға сай келетін тиімді шешімдердің бірі болмақ.
Депутат президенттік квотаның жойылуын да оң бағалап, бұл барлық депутат үшін тең мүмкіндік қалыптастыратынын жеткізді.
Ол халық санына қарай өкілдік мәселесіне де тоқталды. Ол Мәжіліс құрамын шамадан тыс қысқартпай, 125-130 депутаттан тұруы тиімді деп санайды.
– «Түркістан мен Ұлытау облыстарының халық саны бір-бірінен өте қатты айырмашылықта. Халқы көп өңірден депутат та көбірек болуы заңды. Алматы, Астана, Шымкент секілді қалалар үшін де ерекше өкілдік қажет», – деді ол.
Самат Нұртазаның айтуынша, басты мақсат – елге нақты пайда әкелетін, тиімді жұмыс істейтін депутаттар құрамын қалыптастыру. Сондай-ақ партиялар арасындағы саяси бәсеке таза өткен жағдайда қоғам белсенділері мен кәсіби мамандардың Мәжіліске келу ықтималдығы артады.



