Түркістан облысында прокурорлар жер қойнауын заңсыз пайдалануды анықтап, тиісті меморандумның орындалмауын тоқтатты. Ведомство мәліметіне сәйкес, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу мақсатында Сауран ауданында арнайы рейд ұйымдастырған, деп жазады qandastar.kz
Рейд барысында дрон арқылы «Құрсай» өзені бойында құм мен қиыршықтас қоспасын заңсыз өндіру әрекеттері тіркелген, бұл жер қойнауының тұтастығына нұқсан келтірген.
Хабарламада айтылғандай, заңсыз жер пайдалану қоғамдық наразылық тудырып, саяси тұрақтылыққа және қоршаған ортаға кері әсерін тигізеді.
Прокурорлық тексеріс нәтижесінде меморандум талаптары бұзылғаны анықталып, тәртіптік қателік жасаған Шаға ауылдық округінің әкімін қызметінен босатуды ұсынған. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары мен жергілікті полиция қызметкерлері де тәртіптік жауапкершілікке тартылды.



