Жаңалықтар

Прокуратураның тексерісі: Шымкентте 12 жеке сот орындаушысы мемлекеттік лицензиясынан айырылды

Шымкентте жеке сот орындаушыларының қызметіне қатысты анықталған өрескел заңбұзушылықтар қатаң жауапкершілікке алып келді. Қалалық прокуратураның тексеруінен кейін бірқатар сот орындаушылары тәртіптік жазаға тартылып, олардың бір бөлігі кәсіби қызметін атқару құқығынан айырылды, деп жазады qandastar.kz сайты nur.kz-ке сілтеме жасап.

Қалалық прокуратура жүргізген тексеру барысында жеке сот орындаушылары тарапынан заң талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, борышкерлердің Қазақстан Республикасынан шығуына қойылған шектеулер заңсыз түрде алынып тасталған, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізулер заңға қайшы жағдайда қозғалған.

Прокуратураның мәліметінше, кейбір жеке сот орындаушылары еңбек демалысында жүрген уақытта олардың көмекшілері заңсыз түрде атқарушылық іс жүргізуді бастаған. Мұндай әрекеттер атқарушылық өндірістің заңдылығына күмән тудырып, азаматтардың құқықтарын бұзуға әкеп соққан.

Аталған заңбұзушылықтарға байланысты Қазақстан Республикасы Әділет министрінің атына ұсыныс жолданып, нәтижесінде 85 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 12 жеке сот орындаушысын мемлекеттік лицензиясынан айыру туралы сотқа талап арыз берілді.

Сот бұл талапты қанағаттандырып, 12 жеке сот орындаушысы кәсіби қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылды. Сот актісі заңды күшіне енді.

Прокуратура органдары атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңдылықтың сақталуын алдағы уақытта да тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button