
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қазақстандық режиссер Думан Еркімбектің дебюттік туындысы – «Qaitadan» фильмі прокатта рекорд орнатып, үш апта ішінде 1 миллиард теңгеден астам табысқа жетті, деп хабарлайды qandastar.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, бұл картина – мемлекет қаржысына түсіріліп, шығыннан бес есе артық пайда әкелген алғашқы жоба.
«Думан Еркімбектің дебюттік толықметражды фильмі «QAITADAN» үш апта ішінде 1 млрд теңгеден астам табыс жинап, отандық кинопрокатта көш бастады. Фильм – кино өндірісіне жұмсалған мемлекет қаражатынан бес есе артық табыс тапқан алғашқы жоба», – делінген баспасөз хабарламасында.
«Qaitadan» 2023 жылы ұлттық питчинг жеңімпазы атанып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Фильм су тасқыны оқиғасы аясында әке мен баланың қарым-қатынасын суреттейді.
Көрермендер туындыға жоғары баға беріп, әлеуметтік желілерде оң пікірлер қалдыруда.