Қаржы және төлемдер
QazExpoCongress қаржылық есебі ашық жүргізіледі

Фото: ашық дереккөз
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша «QazExpoCongress» ҰК» АҚ-ның корпоративтік есеп саясатына өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Олар ұлттық компания қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған, деп жазды qandastar.kz
Жүргізілген мемлекеттік аудит барысында QazExpoCongress-те активтерді есепке алу нетто-негізде (субсидияларды қоспай) жүзеге асырылатыны анықталды. Бұл мемлекеттік субсидиялардың қозғалысы мен оны пайдаланудың нәтижелілігін бақылауға мүмкіндік бермейді. Осындай қаражат есебінен сатып алынған негізгі құралдар ұлттық компанияның қаржылық есептілігінде көрсетілмеген.
Жағдайды түзету үшін «QazExpoCongress» ҰК» АҚ директорлар кеңесіне корпоративтік есеп саясатын қайта қарау тапсырылды.
Нәтижесінде, биыл 28 қаңтарда субсидиялар есебін брутто-негізге аударатын өзгерістер бекітілді. Бұл ұлттық компанияның қаржылық жағдайын дәлірек көрсетуге, мемлекет қаражатының пайдаланылуын тиімдірек бақылауға және ұлттық компанияның шығыстарын оңтайландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Өткен жылдың ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік секторда елеулі реформалар жүргізілетінін баса айтты.
«Ұлттық компанияларды IPO-ға шығару мәселесін қайта қарау өте маңызды. Бұл істе негізгі мақсат – мемлекеттік активтердің тиімділігін арттыру. Корпоративтік басқарудың заманауи әдіс-тәсілдерін енгізу қажет. Сол арқылы компаниялардың барынша ашық қызмет етуін қамтамасыз етуге болады», — деді ҚР Президенті.