Жаңалықтар

Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы куәгер ретінде тергеліп жатыр – полиция

Qaznews24 сатиралық қоғамдық парақшасының авторы Темірлан Еңсебек қылмыстық іс аясында куәгер ретінде тергеліп жатыр, деп хабарлады Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі. Полицияның мәліметінше, көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған, деп жазды qandastar.kz

«Қылмыстық іс шеңберінде ақпарат жиналып, тексерілуде. Куә ретінде азамат Е. шақырылды», – деп мәлімдеді ПД ҚазТАГ сауалына берген жауабында.

Бұған дейін Еңсебектің жауап алуға шақырылғаны хабарланған болатын. 17 қаңтар күні кешке оның үйінде кезекті тінту жүргізілгені белгілі болды. Қазір QazNews24 парақшасының авторына ұлтаралық араздық қоздырды деген айып тағылып отыр. Полиция ҚазТАГ сауалына берген ресми жауабында Еңсебектің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын растады.

Еңсебектің серіктестері бұл істің ресейлік насихатшы Тина Канделакиге байланысты болуы мүмкін екенін болжап отыр. Адвокат Жанар Балғабаева да Еңсебекке қатысты істің «ұлтшылдықты қоздыру» желеу етіліп, саяси мақсатта қолданылып жатқанын айтады.

Айта кетейік, 2021 жылдың 15 мамырында да полиция қызметкерлері Еңсебектің үйіне тінту жүргізіп, кейін оған ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігі бойынша (БАҚ және телекоммуникация желілері арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату) тергеу бастаған еді.

Ал автор жариялаған материалдардың сатиралық мазмұндағы жалған жаңалықтар екенін парақша сипаттамасында ашық көрсеткен.

2021 жылдың 17 мамырында «Әділ сөз» қоры аталған баптың сатираға қатысы жоқ екенін атап, полицияның Конституция нормаларын толық меңгермегенін айтқан.
18 мамырда «Шекарасыз тілшілер» ұйымы да әзіл-қалжың қылмыс болып саналмайтынын айтып, билікті сөз бостандығын құрметтеуге шақырды.

20 мамырда Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігінің «әзілді түсінбейтінін» айтып, істі дереу тоқтатуды талап етті. Кейін Amnesty International Еңсебек ісін Қазақстандағы жалған ақпарат туралы заң талдау барысында мысал ретінде келтірді.

2025 жылдың 20 қаңтарында ҚазТАГ журналист Руслан Бикетов пен белсенді Әсем Жәпішева Еңсебекті қолдау акциясынан кейін ұсталғанын хабарлады. Сол күні «Әділ сөз» қоры да істің барысына алаңдаушылық білдіріп, құқық қорғаушы Татьяна Чернобыльдің «бұл – құқықтық тәртіп емес, тәртіпсіз заң» деген пікірін жариялады.

21 қаңтарда полиция Еңсебектің ісінің сатираға қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.
3 ақпанда Human Rights Watch билікке Еңсебекке тағылған айыпты алып тастау туралы тағы үндеу жасады.
Ал Еңсебектің соты Алматыда 9 сәуірде басталып, 11 сәуірде ол бес жылға бас бостандығынан айырылып, қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Қазақстандық халықаралық адам құқықтары бюросы (ҚИБХБ) бұл үкімді «таза саяси сипаттағы» шешім деп атап, биліктің оппозиция белсенділері мен блогерлерді пікір білдіргені үшін қудалауын жалғастырып отырғанын мәлімдеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button