Қазақстанда Конституция күні өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Егер 15 наурызда өтетін республикалық референдумда жаңа Ата заң қабылданса, мемлекеттік мерекелер күнтізбесінде де өзгеріс болады.
Жаңа Конституция жобасының 94-бабының 2-тармағында бұл норма нақты көрсетілген.
«Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады», – делінген құжатта.
Яғни, бұдан былай Конституция күні бұрынғы тұрақты датаға емес, жаңа Конституция қабылданған нақты күнге бекітіледі.
Еске салайық, 15 наурызда елімізде Жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өтеді.
Референдум нәтижесінде қабылданған Қазақстан Конституциясы 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.
Осы күннен бастап қазіргі қолданыстағы Конституцияның заңдық күші тоқтатылады.



