Қазақстанда адам саудасы азаматтардың да, иммигранттардың да құқықтарына қауіп төндіретін күрделі әлеуметтік мәселе күйінде қалып отыр. Жасанды интеллект пен криптовалюта дәуіріне қарамастан елде адамдарды ұрлау, құлдыққа салу, сәбилерді сату, мәжбүрлі некеге итермелеу, жасөспірімдерді жезөкшелікке тарту сияқты ауыр қылмыстар әлі де кездеседі. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Ranking.kz агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Халықаралық World Population Review медиаплатформасының дерегіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан 157 елдің ішінде құлдық индексі бойынша 61-орынға жайғасқан. Елдің көрсеткіші — 43 балл. Бұл ТМД мен Орталық Азия елдерінің көпшілігімен салыстырғанда жақсы нәтиже саналады. Аталған индекс 1-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша есептеледі, мұнда көрсеткіш неғұрлым төмен болса, жағдай соғұрлым жақсы деп бағаланады.
Индикатор екі негізгі факторға сүйенеді: 100 мың адамға шаққандағы құлдықтың таралуы және мұндай қылмыстарға осалдық деңгейі. Қазақстанда құлдықтың таралу көрсеткіші — 100 мың адамға шаққанда 1,9 жағдай. Ал үкімет пен құқық қорғау органдарының әрекетіне берілген баға — 100 балдың ішінде 36, яғни орташадан төмен.
Көрші елдердегі жағдай әлдеқайда күрделі. Түрікменстанда құлдықтың таралуы 11,9, Ресейде 13, Тәжікстанда 14-ке жеткен. Бұл мемлекеттерде де билік пен құқық қорғау органдарының әрекеті әлсіз деп бағаланады.
Ал рейтингтің көшін дамыған еуропалық елдер бастап тұр. Норвегияда құлдықтың таралуы 100 мың адамға шаққанда небәрі 0,5 жағдайды құрайды. Үздік бестікке Финляндия, Нидерланды, Португалия және Дания кірген. Бұл елдерде үкіметтің реакциясы да жоғары — 60 балдан астам.
Қазақстандағы ішкі статистикаға келсек, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің (ҚСжАЕУ) мәліметінше, соңғы жылдары адам саудасына байланысты жыл сайын кемінде 150-ден астам қылмыстық іс тіркеліп отыр. Ең төменгі көрсеткіш 2022 жылы байқалса, ең жоғары деңгей 2024 жылы 357 іс тіркелген. Ал 2025 жылы бұл сан 16,5%-ға азайып, 298 іске дейін төмендеген.
Адам саудасына қатысты қылмыстардың тоғыз түрі бар. Соның бірі — мәжбүрлі некеге тұрғызу, ол 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. 3,5 айдың ішінде мұндай 5 іс тіркелген.
Ал тікелей адам саудасы бойынша 2025 жылы 12 жағдай анықталған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 20%-ға аз. Алайда балалар саудасына қатысты қылмыстар саны керісінше үш есе өсіп, 9-дан 31 жағдайға жеткен.
Бұл өсім Алматыда әшкереленген нәрестелерді сату бойынша ірі қылмыстық желінің ашылуымен байланысты. Қылмыстық топ әлеуметтік желілер арқылы қиын жағдайға тап болған жалғызбасты аналарды тауып, жаңа туған сәбилерін баласы жоқ отбасыларға сатуды ұсынған. Бұл іс бойынша шамамен 20 қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталды. Оларға 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. 2025 жылы тіркелген балалар саудасының 26 жағдайы Алматының үлесіне тиген.
Адам саудасына байланысты қылмыстар мақсаттарына қарай бірнеше санатқа бөлінеді: құлдық еңбекке пайдалану, қайта сату (соның ішінде нәрестелер), және жыныстық қанау. Жәбірленушілердің басым бөлігі әйелдер деп айту қиын. 2025 жылы жәбірленуші әйелдердің үлесі 46,5%, ал 2024 жылы 35,5% болған. Дегенмен бір жылда әйелдер арасындағы жәбірленушілер саны 21,3%-ға артқан.
Өткен жылы адам саудасына қатысты қылмыстардан 159 адам зардап шеккен. Олардың 143-і (90%) — Қазақстан азаматтары, қалғаны — шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ тұлғалар.
2024 және 2025 жылдардағы деректерді салыстырғанда, жәбірленушілер саны 7,6%-ға азайған, ал тікелей «Адам саудасы» бабы бойынша — 18,8%-ға төмендегені байқалады.
Материалдық емес қылмыстар санатына жатқанына қарамастан, адам ұрлау, құлдық пен жыныстық қанау жәбірленушілердің физикалық және психологиялық денсаулығына ауыр зиян келтіреді. 2024 жылы ұрланған 59 адамға келтірілген зиян 42,4 млн теңге деп бағаланса, 2025 жылы 37 жәбірленушіге небәрі 3 млн теңге көлемінде залал белгіленген. Бұл көрсеткіш жәбірленушінің сотқа жүгіну ниетіне, қылмыстың ауырлығына және басқа да факторларға байланысты өзгеруі мүмкін.
Жалпы, 2025 жылы адам саудасына байланысты қылмыстардан келген жалпы материалдық залал 5 млн теңгені, ал тікелей адам саудасы бабы бойынша 500 мың теңгені ғана құраған. Ал кәмелетке толмағандарды саудалауға қатысты істерде (29 жәбірленуші) залал мүлде есептелмеген.



