
Бас прокуратура әлеуметтік желілерде қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін арандатушылық сипаттағы жазбалар мен пікірлердің көбейгеніне байланысты азаматтарға маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ведомствоның мәліметінше, ұлтаралық, әлеуметтік немесе өзге де алауыздықты қоздыруға бағытталған кез келген әрекет заң бойынша қатаң жауапкершілікке әкеледі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай құқық бұзушылықтар үшін ірі көлемде айыппұл салынып, тіпті ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Сондай-ақ прокуратура интернетте жалған немесе тексерілмеген ақпаратты жариялау мен таратудың да жауапкершілікке себеп болатынын еске салды.
Жауапкершілік тек материалдың авторына ғана емес, оны әдейі таратуға қатысқан азаматтарға да жүктелуі мүмкін.
Осыған байланысты қазақстандықтарға ақпараттың шынайылығын мұқият тексеріп, қоғамдық келісім мен өзара құрметке нұқсан келтіруі ықтимал жарияланымдардан аулақ болу ұсынылды.
Бас прокуратура құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында заң бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.



