Жаңалықтар
«Ресейден келген су құмға сіңеді»: Депутат министрдің баяндамасын сынады

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бюджеттен бөлінген қаржының тиімсіздігін сынап, Қазақстанның су мәселесін көтерді, деп хабарлайды qandastar.kz сайты.
Депутат Батыс Қазақстандағы су жетіспеушілігі мен тиімсіз су пайдалану мәселесін айтты. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл мәселені шешу үшін екі су қоймасының құрылысын бастау жоспарын бөлісті.
«Сіздің есебіңізде Қазақстандағы су мәселесі жайлы. өте жақсы айтылған, бірақ өмірде жағдай басқа. Қазталов ауданында біз Ресейден су алып отырмыз, бірақ сол су Жалпақталдан өтіп, құмға сіңіп кетеді. Осылайша жыл сайын бюджеттің 5 миллиард теңгесі бекерге жұмсалып отыр. Жалпақталда су қоймасын салу жобасы 10 жыл бұрын басталған, бірақ әлі аяқталмады. Мәселені қашан шешеміз?» – деп сұрады депутат Ерлан Саиров министрден.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өз жауабында мәселенің шешімін ұсынды. Министрдің айтуынша, Батыс Қазақстанда екі жаңа су қоймасының құрылысы басталмақ. Бұл жобалар Ресейден алынатын судың көлемін қысқартуға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.
«Дұрыс айтасыз, Батыс Қазақстандағы су мәселесін шешу үшін екі су қоймасын салу қажет. Біз жыл сайын Ресейден 350 миллион текше метр су аламыз. Бұл жобаның экологиялық әсері бар және су жерге кеткенмен, ол өзіміздің Батыс Қазақстанға қайтып келеді. Сондықтан тиімсіз қаражат бөлеміз деп айтуға болмайды», – деп жауап берді министр.
Жобалар іске асырылған жағдайда, бұл мәселені шешуге және аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға үлкен әсер етеді.