Шоу бизнес

Ресейлік әнші Акмалдың Павлодар мен Өскемендегі концерттері өтпейтін болды

Ұйымдастырушы Ольга Горбикова Instagram парақшасында ресейлік орындаушы Акмалдың Павлодар мен Өскеменде жоспарланған концерттері тоқтатылғанын хабарлады, деп жазады qandastar.kz

Оның айтуынша, концерттердің болмай қалуына әнші де, ұйымдастырушылар да жауапты емес. “Келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз”, – деді Горбикова.

Билеттер Ticketon және Go-kassa.kz платформалары арқылы сатып алынған болса, ақшасы автоматты түрде қайтарылады. Ал Мәдениет сарайының кассасынан алынған билеттерді сол жерге тапсыру қажет.

Акмал бұған дейін Петропавлдағы концертінде көк-сары түсті пакетті сахнадан алып тастауын сұрап, “түс ұнамайды” деген сөзімен қоғам наразылығын туғызған еді. Бұл түс Қазақстан туының реңімен сәйкес болғандықтан, жұртшылық мұны ұлттық символға құрметсіздік деп қабылдады.

Даудан кейін әнші Instagram парақшасында түсініктеме беріп, Қазақстанға деген жылы лебізін білдіріп, “Мен ешқашан Қазақстанға жаман сөз айтқан емеспін. Бұл – менің балалық шағым өткен, жақсы көретін елім”, – деп жазды.

Акмал Ходжаниязов – Түркменстанда туған ресейлік әнші, “Голос. Дети” жобасының финалисі. Ол 2025 жылдың қазан айында Қазақстанда гастрольдік тур өткізген. Алайда Петропавлдан кейін Қостанайдағы концерті техникалық себептерге байланысты өтпей, қалған қалалардағы шаралар да тоқтатылды.

Айта кетсек, бұған дейін ол Ресейдегі концертінде Украинадағы соғысқа қатысқан адамды қолдағаны үшін де сынға ұшыраған болатын. Сондықтан көк-сары түсті пакет туралы сөзі қазақстандық қоғамда ерекше теріс қабылданды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button