Жаңалықтар

Ресейлік комментатор жас қазақстандық хоккейшілерді тікелей эфирде боқтаған (ВИДЕО)

Омбы қаласының ресейлік спорт комментаторы Максим Гречанин Қазақстанның «Астана» атты балалар хоккей командасының ойыншыларын тікелей эфирде өрескел түрде қорлаған. Кейін ол өз әрекеті үшін кешірім сұрады, деп жазады qandastar.kz порталы Шайба.kz сайтына сілтеме жасап.

Спорттық басылымның мәліметінше, Омбыда өткен балалар арасындағы хоккей турнирі кезінде жанжал шыққан. Матч басталар алдында жергілікті комментатор Максим Гречанин «Астана» командасының жас ойыншыларын дөрекі сөздермен кемсіткен. Бұл сөздер эфирге кетіп қалған.

Оқиғадан кейін турнир ұйымдастырушылары, сондай-ақ Ресейдің хоккей федерациясы мен комментатордың өзі ресми түрде кешірім сұрады.

Максим Гречанин өз мәлімдемесінде айтқан сөздерінің ешбір жағдайда айтылмауы тиіс екенін мойындады.

«Менің «Астана» – «Сібірь» матчының алдында эфирге кеткен сөздерім мүлде орынсыз болды. Бұл ешбір командаға, соның ішінде ХК «Астанаға» қатысты айтылмауы керек еді. Бұл менің өрескел әрі әдепсіз әрекетім болды және ол екі ел халқы арасында ұлтаралық араздық тудыру ниетінен туған жоқ.

Бұл әрекетім мені де, мен ұсынатын мамандықты да жақсы жағынан көрсетпейді. Спорт комментаторы матчты эмоция мен кәсібиліктің арқасында қызықты етуі керек, ал көрерменде жағымды әсер қалуы тиіс.

Сегіз жастағы хоккейшінің әкесі ретінде сол кеште өз балама қарап отырып, «Астана» командасының ойыншыларының ата-аналары не сезінгенін түсіндім. Сол сәтте сөздерімнің қаншалықты ауыр тигенін ұқтым», – деді ол.

Омбының жергілікті басылымдарының хабарлауынша, бұл жағдайдан кейін Ресей хоккей федерациясы оқиғаға байланысты тексеру жұмыстарын бастаған.

Ескерту: 18+! Бейнематериалда бейәдеп, дөрекі сөздер бар.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button