Әлем жаңалықтары

Ресейліктер ашулы: Черчесовпен жанжал – таза арандату, сұрақ қойған журналистің құрылысқа кеткені жөн

Фото: Sportbox

Match TV комментаторы Георгий Черданцев Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовпен болған тіл дауын арандатушылық деп атады, – деп жазады qandastar.kz

«Бұл – таза арандатушылық. Сұрақ қойған адам орысша біледі. Ол мұнымен не нәрсеге қол жеткізгісі келді? 61 жастағы еңбек сіңірген маманға шет тілін үйрену керек пе? Оны Қазақстанға басқа нәрсе үшін шақырды. Федерацияның баспасөз атташесі бұл мәселені шешіп, тым болмаса аудармашыны қасына отырғызуы керек еді.

Журналистің шет тілін білмеуге құқығы жоқ. Ал мына сұрақ қойған журналист құрылысқа барсын. Ал егер ол сондай патриот болса, баспасөз мәслихатына неге шетелдік клубтың жейдесін киіп келді? Мен өз елімнің жейдесін киер едім», – деді Черданцев.

Айта кетсек, Қазақстан футбол федерациясы қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске «французша сөйлеп тұрсың ба?» деген сөзі үшін ұлттық құрама бапкері, ресейлік маман Станислав Черчесовке айыппұл салды. Бұл туралы ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов айтты.

«Қателіктер бар, кеше ғана журналистермен сөйлескен едік. Черчесовтың қалжыңы – шектен шығу. Өзімен жеке сөйлесіп, мемлекеттік тілдің маңызын түсіндірдім. Оған айыппұл салынды», – деді Барменқұлов «Қазақстан халық партиясы» фракциясының жиынында.

ТАСС агенттігінің ақпаратынша, Қазақстан футбол федерациясы Черчесовке 738 400 теңге (200 АЕК) айыппұл салған.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close