Жаңалықтар

Ресми статистика мен базар бағасы: қайсысы шынайы?

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда ресми инфляция көрсеткіші мен тұрғындардың күнделікті өмірде байқайтын баға өсімі арасындағы айырмашылық қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Мәселен, биылғы тамыз айында жылдық инфляция 12,2% деп жарияланғанымен, азаматтар дүкендердегі бағаның әлдеқайда жоғары өсіп жатқанын айтады, деп жазды qandastar.kz

Кейбір тұтынушылар сиыр еті 25%-ға қымбаттаса, шоколад бағасы бірнеше есе артқанын жеткізуде. Мұндай айырмашылыққа қатысты пікір білдірген тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев бұл құбылыстың кез келген елде болатынын айтады.

«Ресми инфляция — бұл орташа көрсеткіш. Ол 500-ден астам тауар мен қызмет түрін қамтитын жалпы статистика. Баға өзгерісін бақылауды Ұлттық статистика бюросы елдің барлық өңірлерінде жүргізеді», — дейді сарапшы.

Ал тұрғындар өздерінің «жеке инфляциясын» күнделікті барып жүрген дүкен мен базар бағасы арқылы бағалайды. Сол себепті ресми дерек пен халықтың жеке тәжірибесінде айырмашылық болуы қалыпты жағдай.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, инфляцияны есептеу үшін тұтыну қоржынына 508 түрлі тауар мен қызмет кіреді:

  • 39% — азық-түлік

  • 30% — азық-түліктен тыс тауарлар

  • 31% — ақылы қызметтер

Бұл құрылым елдегі орташа тұтыну үлгісін сипаттайды. Сондықтан статистика барлық аймақтар мен сауда орындарындағы бағалардың орта есебіне сүйенеді.

Чеботаревтің айтуынша, қала тұрғындарының тұтыну құрылымында қымбат импорттық тауарлардың үлесі жоғары болғандықтан, олардың жеке инфляция деңгейі ресми көрсеткіштен артық болуы мүмкін. Бірақ бұл ресми статистиканың жалған екенін білдірмейді.

Қазіргі таңда инфляцияны бақылау тек тексерушілердің қолмен енгізген деректеріне ғана емес, сонымен қатар нақты сауда түбіртектеріне, яғни фискалдық деректерге де негізделеді. Бұл жүйе деректердің дәлдігін арттырып, статистиканы жедел жасауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде сиыр етінің бағасы кей жерлерде 6 мың теңгеге дейін жеткені қызу талқыланды. Сарапшылар бұл жағдайды жем-шөп бағасының көтерілуімен, өндірістік шығындардың артуымен және экспорттың өсуімен байланыстырады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаның өскенін мойындағанымен, 6 мың теңгелік баға шындыққа жанаспайды деп отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button