Әлем жаңалықтары
«Росатом» Түркиядағы АЭС-ке қатысты компанияны сотқа бермек
Фото:Wikimedia
«Росатом» Түркияда салынып жатқан «Аккую» АЭС-інің құрылысының тоқтап қалуына себеп болғаны үшін германиялық Siemens компаниясын сотқа бермек. Бұл туралы «Росатомның» атқарушы директоры Алексей Лихачев айтқан, деп жазады qandastar.kz
«Бұл мәселеге қатысты сот болатыны анық. Ақшасы алдын-ала төленген жабдық жеткізілмеді. Салдарынан біз қосымша шығынға ұшырап, басқа жабдық сатып алуға тура келді. Сонымен бірге бұл жабдық монтажына да біршама уақыт кетті. Біз бұл талаптарды сотта көтереміз», – деп мәлімдеген Лихачев.
kz.kursiv.media хабарлағандай, компания басшысы санкцияларға қарамастан, шетелдегі жобалардың уақтылы жүргізіліп жатқанын айтқан. «Росатом» бұдан бөлек Бангладеште және Мысырда АЭС жобаларына қатысады.
Айта кетейік, «Росатом» Қазақстандағы АЭС жобасына да қатысуы мүмкін. Елде атом электр станциясын салу үшін 5 елден тұратын консорциум құрылады. Ол консорциумға Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Франция компаниялары кіреді. Консорциум құрылған соң, Қазақстан тарапы қай елден АЭС-ке қажетті қандай жабдықтар жеткізілетінін анықтайтын болады.
Қазіргі уақытта «CNNC» (ҚХР, HPR-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200 реакторы), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1000, APR-1400 реакторлары), «EDF» (Франция, EPR1200 реакторы) сияқты әлеуетті жеткізушілерімен келіссөз басталған. Келіссөздер бәсекелестік диалог рәсімінде жүргізіліп жатыр.