Жаңалықтар
Рүстем Қабжанов: Қорқыныш Семей трагедиясымен байланысты, бірақ АЭС бейбіт мақсатқа, энергия өндіруге негізделетінін ескеру керек
Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда атом электр стансасын (АЭС) салу мәселесі қызу талқыланды, ядролық энергия туралы алып-қашпа әңгіме аз емес,- деп жазады qandastar.kz
ECOJER Қазақстандық экологиялық бастамалар қауымдастығының бас директоры Рүстем Қабжановтың айтуынша, аталған мәселені практикалық тұрғыдан, объективті түрде қарастыру маңызды.
Ең алдымен, айқын фактілерді алға шығару керек. Мойындауды қажет ететін басты дүние, Қазақстанның алдында күрделі энергетикалық сынақ тұр. Экономика өсіп, халық саны артып, электр энергиясына деген сұраныс тұрақты өсіп жатыр.
“Қолданыстағы қуат көздері көп ұзамай сұранысты қанағаттандыра алмайды. Бұл электр энергиясының тапшылығына және соның салдарынан дамуды тежеуі мүмкін. Бұл ретте Қазақстандағы электр энергиясын өндірудің негізгі бөлігін көмірмен жұмыс істейтін электр станциялар қамтамасыз етіп отырғанын ескерген дұрыс. Бұл әдіс салыстырмалы түрде арзан болғанымен, қоршаған ортаға зор зиян келтіреді. Атмосфераға түсетін парниктік газдардың, күкірт пен азот оксидтерінің және қатты бөлшектердің шығарындылары ауаның ластануына, климаттың өзгеруіне және халық денсаулығының нашарлауына әкеледі”, – деді ол.
Қазақстан қазірдің өзінде алаңдатарлық климаттық өзгерістерді бастан кешіруде: құрғақшылық жиілеп, жер деградациялануда, ауа райы өзгеріске ұшырап келеді. Мұның бәрі қолданыстағы энергия көздерінен шығатын парниктік газға байланысты. Әрі қарай бұл жайт үдесе, кері әсер көбейеді, яғни біз тезірек экологиялық таза технологияға көшуіміз керек деп отыр мамандар. Әрине, күн және жел электр станциялары сияқты жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) көмір өндіруге балама бола алады.
Дегенмен, жаңартылатын энергия көздерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін генерацияның ауытқуын өтей алатын резервтік «теңдестіруші» қуат қажет. Бірақ оған қол жеткізу арзан шығын емес, бұл сөзсіз электр энергиясы тарифтерінің айтарлықтай өсуіне әкелуі де ғажап емес.
“Мұндай жағдайда АЭС салу тиімді шешім деп ойлаймын. Дау-дамайға қарамастан, қазіргі заманғы атом электр станциялары ең соңғы қорғаныс және басқару жүйелерімен жабдықталған, әрі жоғары технологиялық қондырғы болып табылады. «Бейбіт атомның» ядролық энергияны әскери мақсатта пайдаланудан түбегейлі айырмашылығы бар.
Ел тұрғындарының қорқынышы Семей полигонының трагедиясымен байланысты, бірақ АЭС тек бейбіт және аса маңызды мақсатқа – электр энергиясын өндіруге арналған. Сонымен қатар Қазақстан Ақтау қаласында электр қуатын өндіріп қана қоймай, суды тұщытуға мүмкіндік берген ядролық реакторды пайдалану тәжірибесін қолға алып көрді”, – деді Р.Қабжанов.
Қоғамдық талқылаулар кезінде жиі қойылатын сұрақтардың бірі – АЭС-тің Балқаш көліне әсері туралы болды. Сарапшы реакторларды салқындату үшін пайдаланылған су көлге кетпейді, бұл термиялық немесе радиоактивті ластану қаупін толығымен жояды деп сендіріп отыр. Оған қоса барлық технологиялық шешімдер техникалық құжаттамада нақты көрсетіліп, тиісті жобалық құжаттармен расталады және Қазақстанның қолданыстағы экологиялық заңнамасына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімінен өтуі күн тәртібіне шығады.
“Бастапқы инвестициялардың жоғары болуына қарамастан, атом электр станциясынан электр энергиясын өндіру құны тұрақты болып қалады. Ең бастысы, атом электр стансасы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді”, – деді маман.