Эр-Риядта өткен WTA маусымдық финалында жеңіске жеткен қазақстандық теннисші Елена Рыбакина марапаттау сәтінде ұйым бас директоры Порше Арчермен бірге суретке түсуден бас тартты. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, үлкен талқылауға себеп болды, деп жазады qandastar.kz
Рыбакина суретке түспеуінің себебін ашып айтқан жоқ.
«Әркім өз жұмысын істейді, мен де солай жалғастырамын», — деп қысқа жауап берді ол.
Сонымен қатар спортшы Арчермен бұрынғы жаттықтырушысы Стефано Вуковқа қатысты мәселені талқылауға мүмкіндік болғанын, бірақ әңгіме болмағанын айтты.
Бұл жағдайдың түп-төркіні 2024 жылға барып тіреледі. Сол кезде Рыбакина хорват жаттықтырушысы Стефано Вуковпен қарым-қатынасын үзген еді. Алайда 2025 жылдың қаңтарында ол қайтадан команданың құрамына оралды. Дәл сол уақытта WTA Вуковты этика кодексін бұзғаны үшін уақытша шеттеткен болатын. БАҚ мәліметінше, Вуков Рыбакинаға психологиялық қысым көрсетіп, дөрекі сөздер айтқан және келісімшарт үзілгеннен кейін де оны мазалауды жалғастырған. Осы себепті спортшының денсаулығына да кері әсер еткені айтылды. 2025 жылдың жазында Вуковтың шеттетуі алынғаннан кейін ол қайтадан жұмыс істеуге рұқсат алды.
Рыбакинаның бұл әрекеті спорт әлемінде және әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Америкалық теннис аңызы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің 22 дүркін чемпионы Пэм Шрайвер спортшының қылығын сынға алды.
«Сіз бір турнирде Original 9 тобының барлығы өмір бойы тапқан сыйақысынан да көп жүлде ұтып, кейін WTA басшылығына наразылық білдіресіз… Мұны түсіну қиын», — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.



