Әлеумет және қоғамЖаңалықтарҚаржы және төлемдер

S&P Қазақстанның кредиттік рейтингін көтерді

S&P Global Ratings Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне дейін көтерді. Агенттік ел экономикасының тұрақты өсімін сақтайтынын болжап, рейтинг бойынша болжамды «Тұрақты» деп белгіледі.

S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне көтеріп, болжамын «Тұрақты» деп белгіледі. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстан бұл рейтинг деңгейіне 2016 жылдан бері алғаш рет қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Министрліктің хабарлауынша, рейтингтің жоғарылауы Қазақстан экономикасының тұрақты даму перспективаларымен, экономиканы әртараптандыру үдерісінің жалғасуымен және елде қалыптасқан сыртқы әрі фискалдық резервтермен байланысты.

S&P бағалауынша, әлемдік шикізат нарығындағы құбылмалылық пен сыртқы тәуекелдерге қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақтылығын сақтап, орта мерзімді кезеңде өсімін жалғастырады.

Агенттік болжамына сәйкес, 2026 жылы Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі 5,1 пайызға өседі. Ал алдағы жылдары ел экономикасы мұнай экспорттайтын мемлекеттер арасында салыстырмалы түрде жоғары қарқынмен дамуы мүмкін.

S&P сондай-ақ Қазақстанда экономиканы әртараптандыруға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Шикізатты өңдеу, инфрақұрылымды дамыту және «Бәйтерек» ҰБХ арқылы қаржыландырылатын жобалар инвестиция көлемін жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Рейтинг агенттігінің пікірінше, бюджет шығыстарының қалыпты өсуі мен салық базасын кеңейтуге бағытталған шаралар алдағы уақытта бюджет тапшылығын азайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар S&P Қазақстанның сыртқы позициясын жоғары бағалады. Агенттік елдің валюталық активтері сыртқы қарыз көлемінен айтарлықтай жоғары екенін атап өтті. Бұл Қазақстанның сыртқы кредитор ретіндегі позициясын сақтауға мүмкіндік береді.

Банк секторының да макроэкономикалық күйзелістерге төтеп беру қабілеті атап өтілді. Реттеу және қадағалау жүйесінің жетілдірілуі банк секторының тұрақтылығын арттырып, активтер сапасына байланысты жүйелік тәуекелдерді төмендеткен.

Бұған дейін Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингі «BBB-» деңгейінде болған. Жаңа шешім рейтингтің бір сатыға жоғарылағанын білдіреді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button