Өзбекстан Президентінің қызы Саида Мирзиёева жеке өмірі мен ұстанымдары туралы пікір білдіріп, бала кезінен бастап жауапкершілік пен сенімге ие болғанын айтты. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Syrmedia.kz парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, отбасы ішінде оған әрдайым ерекше құрметпен қараған.
«Мені бала кезімнен “Сіз” деп атайтын. Әкем “Саида қалай айтса, солай болады” дейтін», – деді ол.
Саида Мирзиёева әкесіне адал қызмет етіп жүргенін атап өтіп, өз бойындағы қабілеттеріне де тоқталды.
«Мен әкеме қызмет етемін. Өзімде жаман қасиет жоқ деп есептеймін. Адамдарды дұрыс таңдай білемін – бұл менің табиғи талантым. Мұндай қабілетті маған Құдай берген», – деді ол.
Сонымен қатар ол өз қызметінің формалды емес, нақты нәтижеге бағытталғанын жеткізді.
«Мен мұнда тек сыртқы көрініс үшін отырған жоқпын. Мен нақты нәтиже үшін жұмыс істеймін. Мені алдаудың қажеті жоқ, бәрібір шындықты білемін. Байланыстарым көп», – деді Мирзиёева.
Экология мәселесіне де тоқталған ол жеке өмірінде табиғатты қорғауға мән беретінін айтты.
«Мен үйімді толық жылытып отырған жоқпын. Үй салқын, себебі экологияны сақтауды қолдаймын», – деп атап өтті ол.



