
Фото: Әлеуметтік желіден
Белгілі композитор Арысбек Бағдәулетұлы видео жариялап, ауыр сөз айтқаны үшін әнші Сәкен Майғазиевтен кешірім сұрады, деп хабарлайды qandastar.kz.
Белгілі болғандай, осыдан біраз уақыт бұрын ол Сәкенге жазған әнінің тағдырын білу үшін бірнеше рет хабарласқан. Алайда мәселенің байыбына жетпей жатып қызбалықпен ауыр сөздер айтып қойғанын мойындады.
«Сәкен Майғазиевтен ондайды күтпедім! Сәкен ағаға бір ән бердім. Біраз уақыттан кейін ән не болды екен, аранжировка жасатты ма екен, білейін деп, ватсабына жаздым. Он шақты рет жазған шығармын. Оқиды да, жауап бермейді. Содан бір күні қызбаланып, «жұлдыз екеніңіз белгілі, әрине халықтың арқасында көтерілдіңіз, Ассалаумағалейкум деген Алланың нұры жаусын деген сөз ғой» деп қатты кеттім. Сол кезде Сәкен Майғазиев өзінің биігінен түскен жоқ. Өте орынсыз айтып тұрмын ғой. «Қоя қойшы, айналайын! Әрі кетші!» деуіне болар еді. Бірақ ол өйткен жоқ. «Арыстай, сен басқа нөмірмен жазып тұрсың ғой, мен білмеймін ғой, өздерің де нөмір ауыстыра бересіңдер. Қайдан білейін, күніне қаншама адам жазады» деді», — деп еске алды композитор.
Арысбек Бағдәулетұлы оғаш қылығы үшін өнердегі ағасынан кешірім сұрады.
«Аға, егер видеомды көріп отырсаңыз, сізден кешірім сұраймын. Арыстайыңыздан сізге бір ән болады», — деп кәнәсін жуып-шайды Арысбек Бағдәулетұлы.
Ал Сәкен Майғазиев болса, ренішін ұмытып, інісінің әрекетін жылы қабылдағандай смайликпен жауап қайырған.