Әлемге танымал Hagerty сақтандыру компаниясы болашақта құнын жоғалтпай, керісінше, қымбаттайтын автокөліктер тізімін жариялады. Сарапшылардың пікірінше, аталған модельдер уақыт өте келе коллекциялық деңгейге жетіп, инвестициялық активке айналуы әбден мүмкін, деп жазады qandastar.kz сайты el.kz-ке сілтеме жасап.
Көлік сатып алу әдетте жай ғана күнделікті қажеттілікпен байланыстырылады. Алайда, кейбір автомобильдер уақыт өте келе иесіне тек эмоция ғана емес, қаржылық пайда да әкелуі мүмкін. Мұндай көліктердің басым бөлігі – сирек әрі қымбат модельдер. Дегенмен, нарықта бұқаралық сегментке жақын, бірақ болашағы зор ерекше нұсқалар да бар.
Volkswagen Golf GTI VR6 (III буын)
Алғаш қарағанда қарапайым хэтчбек болып көрінетін бұл Golf – шын мәнінде мінезі бөлек автомобиль. Үшінші буындағы VR6 нұсқасы алты цилиндрлі, 172 ат күшіне ие қозғалтқышпен жабдықталған.

Қазір Еуропа елдерінде мұндай көліктердің орташа бағасы 20 мың еуро шамасында. Алайда Hagerty мамандарының айтуынша, бұл шарықтау шегі емес. Атмосфералық қозғалтқышы бар спорт хэтчбектеріне сұраныс азаймайды, қайта жыл өткен сайын арта түспек.
Mazda MX-5 (NB)
Жапониялық Mazda MX-5 – жеңіл, қарапайым әрі жүргізуге ыңғайлы нағыз классика. Соңғы жылдары бұл модельдің бағасы айтарлықтай өсті. Бірақ сарапшылардың пікірінше, екінші буын – NB нұсқасының әлеуеті әлі де толық ашылған жоқ.

Қазіргі таңда шетел нарығында жағдайы жақсы MX-5 NB модельдерін 15 мың еуро шамасында алуға болады. Ал алдағы бірнеше жылда бұл родстер коллекционерлер мен энтузиастар үшін одан да тартымды бола түспек.
BMW M5 (E60)
Автокөлік тарихында есте қаларлық спорттық седандардың бірі – BMW M5 E60. Сырт көзге қарапайым төрт есікті көлік сияқты көрінгенімен, оның капотының астында 5,0 литрлік V10 қозғалтқышы орналасқан. Қуаты 507 ат күшіне тең.

Hagerty дерегіне сүйенсек, қазір мұндай M5 үлгілерінің орташа бағасы 36 мың еуро. Бірақ бұл көрсеткіш ұзаққа созылмайды. Атмосфералық V10 қозғалтқыштары бар спорткарлар нарықтан біртіндеп жоғалып бара жатқандықтан, E60 болашақта «алтын дәуірдің соңғы өкілдерінің» бірі ретінде тағы қымбаттауы мүмкін.
Chevrolet Corvette Z06
Chevrolet Corvette Z06 (2006-2013) – инвестициялық тұрғыдан ең тартымды модельдердің бірі. Көлік иесі 500 аттың күші мен таза драйвты сезінеді.

Сарапшылардың болжамынша, алдағы жылдары Z06 моделінің бағасы күрт өседі. Қазір орташа құны 55 мың еуро болса, жақын болашақта мұндай бағаға Corvette табу мүмкін болмай қалуы ықтимал.
Автокөлікті тек шығын деп қарастыруға болмайды. Дұрыс таңдалған модель, уақытында жасалған күтім және нарық трендін түсіну арқылы көлікті ақшаны сақтайтын, тіпті көбейтетін құралға айналдыруға болады. Hagerty ұсынған бұл тізім – соның айқын дәлелі.
Бастысы – сәнге емес, тарихы мен мінезі бар автомобильге мән беру. Уақыт өте келе дәл сол қасиеттер темір тұлпардың бағасын еселейді.



