
Коллаж: Orda.kz
Алматы тұрғыны Маргарита Звягинцева бұрынғы күйеуінің зорлық-зомбылығына ұшырап, ауыр жарақат алғаннан кейін сотқа қайта жүгінуге мәжбүр болды. Оның сөзінше, ер адам бар болғаны бір жылға сотталған, деп хабарлайды qandastar.kz.
Романтикадан қорлыққа дейін
Orda.kz мәлім еткендей, Маргарита мен Александр 2023 жылдың наурызында спорт залда танысып, көп ұзамай араласа бастаған. Әйелдің айтуынша, басында бәрі жақсы болғанымен, ер адамның мінезіндегі агрессия біртіндеп байқала бастаған.
«Басында оның дөрекі қылықтарын қалжың деп қабылдадым. Бірақ кейін ол ашуын жиі басқара алмайтынын түсіндім», – дейді Маргарита.
Қараша айында екеуі некелерін қиған. Алайда арада аз уақыт өткен соң, зорлық-зомбылық басталыпты.
«Бір күні ол мені кеудемнен қатты соғып жіберді. Тынысым тарылып, тізем бүгіліп кетті. Сол сәтте қорқыныш бойымды биледі. Ол мені Бишімбаев сияқты өлтіруі мүмкін екенін ойладым», – дейді ол.
Отбасын сақтауға тырысқан
Маргарита бастапқыда бұл қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысқанын айтады. Ол анасының үйіне кетіп, кейін қайта оралған. Бірақ зорлық қайта жалғасқан.
«Ол мені бақылап, кіммен кездескенімді сұрай беретін. Тіпті анама баруымды да жақтырмады. Бір күні кетуге дайындалып жатқанымда, үстіме ұмтылып, дзюдо тәсілін қолданып, мені еденге құлатты. Омыртқам қатты зақымданып, қозғала алмадым», – дейді жәбірленуші.
Полиция мен сот әрекет етпеген
Маргаританың айтуынша, полиция оған көмек көрсетудің орнына, күйеуімен татуласуға шақырған.
«Заң бойынша мұндай жағдайда арызсыз да іс қозғалу керек. Бірақ менің арызымды бір ай бойы тіркемей, керісінше татуласуға үгіттеді. «Салтанат заңы» деп жүргеніміз іс жүзінде жұмыс істемейді», – деп ашынады әйел.
Маргарита өз ісін сотта адвокатсыз, заңгер ретіндегі біліміне сүйеніп өзі қорғап жүр. Апелляциялық сот отырысы 7 қазан күні өтеді.
Еске салайық
2023 жылы бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованы өлімші етіп сабағаны үшін 24 жылға сотталған болатын. Осы оқиғадан кейін қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы «Салтанат заңы» қоғамда зор үміт тудырған еді. Бірақ Маргаританың ісі бұл заңның әлі де қағаз жүзінде қалып отырғанын көрсетіп отыр.