Ақтаулық танымал блогер әрі саудагер Салтанат Аманқосова жаңа туған нәрестесін өзінің тегіне жаздырып, желіні шулатты, деп жазады qandastar.kz сайты sn.kz порталына сілтеме жасап.
Перинаталдық орталықтан сәбиімен шыққан Салтанат Аманқосова Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында сторис жариялап, қуанышымен бөлісті.
Еспембет Алғабек Салтанатұлы… Оқырмандарыма алғысым шексіз, ақ тілектері мен дұға тілеген, осы күнімізге дұғаларымен көп көмегін тигізген шын жүрегіммен мың алғыс, – деп жазды блогер.
Осыған байланысты Facebook қолданушысы Ерлан Матаев бұл жақсы үрдіс емес екенін жазды.
Бұл әлем қайда барады деген осындайда айтыла ма, ағайын?! Қайда барып оңамыз мына түрімізбен, – деп жазды ол.
Өз кезегінде тіл маманы Назгүл Қожабек керісінше блогердің бұл ісін қолдады.
Негізі, қызық құбылыс. Бала екі адамнан тең жаралады, тек ол анасының құрсағында, анасының бойындағы бары мен нәрін алып жетіледі. Анасының омырауын еміп өседі. Ал тегіне келгенде, «ойбай, әкесінің атын беру керек» дейміз. Сонда, әйел тек біреуге бала өсіріп беруші инкубатор ғана болғаны ма? Осы жағын кейде ойлап қояйықшы. Әйел тоғыз ай көтеріп, тоғыз сағат толғатып баланы тапқанда жақсы да, өз атына жаздырғанда бәле бола қалады екен, а?, – деп жазды Назгүл Қожабек.



