
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Санжар Боқаевқа қатысты қозғалған іс бойынша қосымша мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі ай мерзімге қамауға алу санкциясы қолданылған.
Оған ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, сондай-ақ аса ірі көлемде алаяқтық жасау арқылы қаржы жымқыру фактілері бойынша айып тағылып отыр.
Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтың айтуынша, күдіктіге қатысты алаяқтық әрекеттер оның ұлттық компаниядағы қызметі кезеңінде жасалған.
“Алаяқтық жолмен қаржы жымқыру әрекеті ұлттық компанияда жұмыс істеген кезде болған”, – деді Өтегенов Сенаттағы брифинг барысында.
Еске салайық, Санжар Боқаев 2015–2018 жылдар аралығында «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған. Кейін, 2021 жылы компания атауы «QazaqGaz» ұлттық компаниясы болып өзгертілді.



