ЖаңалықтарСараптама

Сарап: Қазақстанда жыл сайын 75 мың әйел жасанды түсік жасатады

Қазақстанда жыл сайын 75 мың әйел жасанды түсік жасатады. Бұл — бір ауданның толық халқының азаюымен тең сан. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл көрсеткіштің азаюы үшін күш салу қажеттігін атап өтті.

Ерте жүктіліктің күрт өсуі және оның қауіпті салдары

Жастар денсаулығы орталығының гинекологы Айгерім Ыдырысова мәселеге қатысты ой бөлісті.

«Түсік — өте қауіпті іс-әрекет. Әсіресе, тұрмыс құрмаған, босанбаған қыз балалар үшін бұл болашақта бедеулікке әкелуі мүмкін. Бірінші жүктілікті үзу аналық жүйеге ауыр зақым келтіреді. Кейін бала көтеру қабілетінен айырылу ықтималы жоғары», — дейді ол.

Пандемия кезінде 18 жасқа толмаған 7 мыңға жуық қыз бала жүкті болған, оның ішінде 1 мыңнан астамы жасанды түсік жасаған. Бұл — адам шошырлық статистика.

Жыныстық сауатсыздық пен ақпараттың жетіспеушілігі — негізгі себептер

«Amanat» партиясының мәліметі бойынша, жыныстық қатынасқа түскен жасөспірімдердің шамамен 17%-ы кемінде бір рет жүкті болған. Бұл  жастардың жыныстық сауатсыздығының, ақпаратқа қолжетімділіктің жеткіліксіздігін көрсетеді.

Бұл ретте жыныстық тәрбие тренері Аслан Темірхан нені ескеру керек екеніне тоқталды.

«Жастардың 91%-ы жыныстық жолмен тарайтын инфекцияларды білмейді. Ата-аналар да бұл тақырыпта ашық сөйлеспейді. Әлеуметтік желідегі ақпарат көбіне дұрыс емес, кейде зиян», — дейді ол.

Бұл ақпарат жетіспеушілігі мен қате түсініктер жастар арасында ерте жүктілік пен түсіктің өсуіне себеп болады.

Мемлекеттік қолдау шаралары

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуына мәселеде жан-жақты шешім маңызды.

«Қазіргі таңда әлеуметтік тұрғыдан осал әйелдерді тегін контрацептивтермен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлінуде. Бұл — жасанды түсіктің алдын алудың маңызды жолы», — дейді министр.

Ал ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақованың пайымынша, бұл — қоғам болып күресетін проблема.

«Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық серіктестер бірге жұмыс істеуі қажет. Жауапкершілікті тек мектептерге немесе ата-аналарға артып қою дұрыс емес. Халықтың денсаулығы — баршамыздың ортақ міндетіміз», — дейді ол.

75 мың жасанды түсік — бұл тек статистика ғана емес, әрқайсысы қайғылы тағдыр, үмітсіздік пен жоғалған болашақ. Егер жағдай өзгермесе, он жыл ішінде 750 мың бала дүниеге келмейді.

Қазақстан үшін бұл  маңызды әлеуметтік-денсаулықтық мәселе. Оны шешу үшін кешенді шаралар қажет: жастарға сапалы білім беру, жыныстық сауаттылықты арттыру, әрі медициналық көмек көрсету.

Тек осылай ғана біз жас ұрпақты сақтап, еліміздің болашағын жарқын ете аламыз.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button