ЖаңалықтарСараптамаЭкономика және бизнес

Сарап: Тұтынушылық несиенің пайызы төмендей ме?

Тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 46 пайыздан 40 пайызға дейін төмендету несие көлемін көбейтпейді, керісінше нарықты салқындатады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақынжан Баймағамбетов мәлімдеді, деп жазды qandastar.kz

Оның айтуынша, аталған шешім банктердің тәуекелдерді бағалаудағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Яғни, несиелер арзандағанымен, банктер оларды бұрынғыдай оңды-солды бере бермейді.

«Бұл шара банктерді тәуекелді дұрыс есептеуге итермелейді. Бұған дейін кейбір қаржы ұйымдары ықтимал шығындарды жоғары мөлшерлеме есебінен жауып отырды. Ал енді ЖТСМ төмендеген соң, банктер несиелеу кезінде тәуекелі жоғары клиенттерге ақша беруге аса сақ болады. Бұл өз кезегінде тұтынушылық несиелеудің шамадан тыс өсуін тежейді», – деді Баймағамбетов.

Ол сондай-ақ Ұлттық банк бұл мәселені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) бірлесіп талқылап жатқанын айтты. Агенттік алдымен қажетті есептеулер жүргізеді, содан кейін нақты шешім қабылданады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс отырысында тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақының шекті мөлшерлемесін 46%-дан 40%-ға дейін төмендету қажеттілігі қарастырылып жатқанын хабарлаған болатын.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button