
Бүгін Сенатта өткен отырыс кезінде ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияның әрі қарай баяулауы және инфляциялық күтулердің төмендеуі жағдайында ақша-несие саясатын өзгертуге алғышарттар қалыптасуы мүмкін екенін атап өтті, деп жазады qandastar.kz
Қазақстанда базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде сақталуы қоғамда, бизнес қауымдастығында және сарапшылар арасында қызу талқыланып келетіні рас. Бірқатар мамандар мұндай саясат инфляцияны төмендетудің орнына, экономиканың ішкі дамуына кедергі келтіруі мүмкін екенін алға тартады.
Осы орайда, экономист сарапшы Нұрбек Ачилов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында қазіргі базалық мөлшерлеме елдің қаржылық тұрақтылығына емес, керісінше экономикалық белсенділікке соққы болуы ықтималдығын алға тартқан пост жариялады.

Автордың пікірінше, ҚР Ұлттық банкі мақұлдаған шаралар Үкімет пен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің саясатымен үйлестірілмесе, олар теріс экономикалық салдарға әкелуі мүмкін.
«Ұлттық банк басшысы – тіпті, айтар сөзім жоқ… Бірақ қабылданған шешімдер үшін жауап беру керек. Егер оған банктердегі депозит мөлшерлемелері мен несие беру саясаты тікелей байланысты болса, жоғары базалық мөлшерлеме инфляцияны қалай төмендете алады? Кеше бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басшысы да айтқан еді. Ұлттық банк басшысының проблемасы – ол Үкімет пен агенттік жұмысының жалпы картинасын көрмейді және көптеген елдердегідей импортты несиелеуге тыйым салуды талап етпейді, сондай-ақ экономиканы баламалы несиелеу мен қаржыландыру шараларын ұсынбайды…
Мұндай әрекет – не сыбайлас жемқорлық, не білімнің және базалық мөлшерлеменің мәнін терең түсінудің жоқтығы болуы мүмкін. Мұндай базалық мөлшерлеменің салдарларынан не доллар бағамының 700 теңгеге дейін күрт көтерілуі, не жалпы қымбаттауына әкелуі ықтимал, не екеуінің де қатар орын алуы мүмкін. Халық депозиттеріндегі ақшасынан ұтылса немесе банктер мен кәсіпорындардың кезекті банкротқа ұшырауы орын алса – біз бұл жағдайда Ұлттық банк басшысын ұмытпауымыз керек», — деп жазады маман.
Сарапшылардың пікірінше, елімізге бәсекелі экономика құру үшін базалық мөлшерлеменің оңтайлы деңгейін қалыптастыру, импорттық тауарларды шамадан тыс қаржыландыруды шектеу, сондай-ақ ішкі өндірісті қолдаудың нақты тетіктерін енгізу қажет.
«Базалық мөлшерлемені тым жоғары деңгейде ұстап отыру – инфляцияны емес, керісінше, экономиканың ішкі белсенділігін тежейді. Мұндай жағдайда банктер несиені қымбаттатады, ал кәсіпкерлер жұмысын кеңейте алмайды. Ал халықтың қаржысы депозитте ғана “қатып қалады”. Бұл – дамып келе жатқан ел үшін өте қауіпті сигнал. Ең маңыздысы – импорттық тауарларды несиелеуге тыйым салу мәселесі шешілмей отыр. Көп елдер бұл механизмді баяғыда енгізіп қойған. Егер біз осы бағытта батыл қадам жасамасақ, экономиканың ішкі әлеуеті әлсірей береді», – дейді ол.
Автор базалық мөлшерлеменің жоғары болуы валюта нарығына да қысым түсіретінін алға тартады. Оның пікірінше, бұл жағдайдың салдары өте ауыр болуы мүмкін:
«Үкімет осы уақытта барлық бағдарламалардың тиімсіз болып қалғанын мүлдем түсінбей отыр. Өйткені 18 пайыздық мөлшерлемемен ақша беру – тек импорт тауарларын сатып алатын саудагерлерді қолдауға ғана тиімді. Бүгінде фермер мұндай пайызбен несие алмайды. Оның маржасы шығындарының 10 пайызына ғана тең болуы мүмкін. Ал шағын және орта бизнес өкілдері болса, бизнесін Қазақстанда жүргізгенше, Америка Құрама Штаттарында стартап ашқанды тиімді көреді. Осылайша, мемлекеттің қаржыландырып отырған бастамалары өте қысқа мерзімді әсер береді. Кеше баспасөз мәслихатында мұның мысалы ретінде Мемлекеттік бағдарламаларды қаржылай қамтамасыз ету және инвестицияларды дамыту басқармасы және басқа да бағдарламалар айтылды.
Сондықтан, Ұлттық банк басшысының айтып жүргені базалық мөлшерлемені көтеруден күткен нәтижелерімен қабыспайды: ел ішінде бизнестің қаржыландыруға қолы жетпей отыр, банктер қайтадан импортты несиелеуге көшті және т.б. Бұл жағдайда есептік мөлшерлеменің көтерілуі кімге тиімді? Әрине, халықтың ақшасын жоғары пайыз ұсынып депозитке жинап отырған екінші деңгейлі банктерге тиімді. Ал банктер қазір не істеп отыр? Олар импортты несиелеуде, мұнда маркетплейстердің айналымынан түсетін пайдасы кемі 100–300 пайыз, ал төленетін салық бар болғаны 1,5 пайызды құрайды. Әрине, банктер мұндай табыспен ҚР Ұлттық банкімен де, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен де, қажет болса Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен де бөлісе алады, тіпті, қажет болса кез келген жүйені сатып алуға дайын – бұл диктатура кезеңінде болған жағдайлардың қайталануы. Бірақ мұның барлығы ел экономикасының дамуына кері әсерін тигізеді», – деп жазбасын қорытындылайды Нұрбек Ачилов.
Қоғамда бұл мәселеге қатысты пікірталас әлі де жалғасуда. Экономистер мен қаржыгерлердің пікірлерінше, дұрыс шешім қабылданбаған жағдайда оның салдары ең алдымен қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсірілуі мүмкін.