Сарапшылар АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әскери соққыларынан кейін елдің ядролық қару жасауға деген ұмтылысы күшеюі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz порталына сілтеп хабарлады.
Мамандардың пікірінше, Ирандағы саяси режим айтарлықтай тұрақты. Егер билік сақталып қалса, онда ядролық қару әзірлеу туралы шешім бұрынғыдан да күшеюі ықтимал.
Жаһандық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Джеффри Льюистің айтуынша, егер соққылар режимнің құлауына алып келмесе, Иранда ядролық бағдарламаны қайта іске қосуға қабілетті мыңдаған маман қалады. Оның сөзінше, бұл технология елде ондаған жылдар бойы дамып келеді. Сонымен қатар ол кек алуға ұмтылған Иран Солтүстік Кореяның жолын таңдауы мүмкін екенін атап өтті. Яғни АҚШ-пен бейбіт өмір сүру қауіпті деп есептеп, ядролық қаруға ие болуды қауіпсіздік кепілі ретінде қарастыруы ықтимал.
Айта кету керек, сенбі күні әуе шабуылдары кезінде қаза тапқан Иранның бұрынғы жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи бұған дейін ядролық бомба жасауға қарсы фетва жариялаған болатын. Теориялық тұрғыдан бұл оның мұндай қаруға қарсы екенін білдіргенімен, сарапшылар бұл ұстанымның қаншалықты сенімді екеніне күмән келтіріп келген. Сонымен қатар болашақта билікке келетін жаңа буын бұл тыйымды толықтай алып тастауы мүмкін деген болжам бар.
Қару-жарақты бақылау қауымдастығының таратпау саясаты жөніндегі директоры Келси Дэвенпорттың айтуынша, Иранның ядролық қаруға ие болу қаупі режим сақталса да, құласа да артуы мүмкін. Ол The Guardian басылымына берген сұхбатында қазіргі билік әлсіреген жағдайда да бұл қақтығыс Иранды ядролық қару жасауға итермелеуі ықтимал екенін жеткізді.
Дэвенпорттың пікірінше, егер режим құлап кетсе, ядролық материалдардың ұрлануы немесе бақылаудан тыс қалуы қаупі туындайды. Мұндай жағдайда АҚШ бұл материалдарды қорғау үшін аймаққа әскер енгізуге мәжбүр болуы мүмкін. Сондай-ақ ол Трамп әкімшілігінің режимді өзгерту саясаты ядролық терроризм қаупін де арттыруы мүмкін екенін ескертті.
Қазіргі қақтығысты бастаудың негізгі себептерінің бірі – Иранның ядролық бомба жасауына жол бермеу. Бастапқыда АҚШ пен Израиль Иранда биліктің ауысуын қолдайтынын айтқанымен, кейінгі уақытта америкалық саясаткерлер ядролық қару мәселесіне көбірек назар аудара бастады.
АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Виткоффтың айтуынша, Иран өнеркәсіптік деңгейде ядролық бомба жасауға қажетті материалдарды алуға бір қадам ғана қалған. Алайда бұл мәлімдемені растайтын нақты дәлелдер ұсынылмаған.
Халықаралық атом энергиясы агенттігінің дерегіне сүйенсек, былтыр маусым айында Иранда шамамен 60%-ға дейін байытылған 440 келі уран болған. Егер ол 90%-ға дейін байытылса, шамамен он ядролық бомба жасауға жеткілікті болуы мүмкін.
АҚШ соққыларынан кейін бұл уран қорының нақты қайда екені белгісіз болып отыр. МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси агенттік қазіргі уақытта бұл материалдардың жағдайын толық бақылаудан айырылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, уранның негізгі бөлігі Исфахандағы зауытта сақталған болуы мүмкін.
Сонымен қатар ол қазіргі қақтығыс қауіпті ядролық материалдарға бақылауды одан әрі қиындататынын айтты.
Еске салайық, 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран астанасы Тегеранға әуе соққыларын жасаған болатын. Бұған жауап ретінде Иран Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базалары мен Израиль аумағына зымырандар ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғары басшылығының бірқатар өкілі, соның ішінде аятолла Әли Хаменеи де мерт болды.
Хаменеи қаза тапқаннан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Ал Дональд Трамп Иранға қатаң ескерту жасады.
Кейін Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Әли Хаменеи қайтыс болған соң елді уақытша басқару үшін арнайы басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.



