
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 12 жастағы қызды аңдыды деген күдікпен бірнеше адам полиция бөлімшесіне жеткізілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Оқиғаға қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерде тараған.
Тұрғындардың айтуынша, көшеде келе жатқан мектеп оқушысына белгісіз адамдар жақындап, оны үйіне жеткізіп салуды ұсынған. Қыз олардың ұсынысынан бас тартқанымен, күдіктілер оның соңынан еріп жүрген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жергілікті тұрғындар жағдайды байқап қалып, бірден полицияға хабар берген.
Полиция мәліметінше, оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін учаскелік инспекторлар жедел шаралар қабылдаған.
«Учаскелік полиция инспекторлары шұғыл әрекет етіп, күдік тудырған автокөлікті анықтады. Көлікті басқарған әйел және оның жолаушылары полиция бөліміне жеткізілді», – деп мәлімдеді Түркістан облысы полиция департаментінің өкілдері.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті адамдар медициналық куәландырудан өткізіліп, оның нәтижесіне қарай заң аясында тиісті шешім қабылданады.



