Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Сәтбаев тұрғыны Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін ай сайын 240 мың рубль алып отырған

Сәтбаев қалалық соты бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыс жасаған, қарулы қақтығысқа және шетел мемлекетінің аумағындағы әскери әрекеттерге жалдамалылық белгілерінсіз қасақана заңсыз қатысқан «Г»-ға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды qandastar.kz

2022 жылдың күзі Жезқазған қаласында жүрген сотталушы «Г», Қазақстан Республикасының азаматы бола отырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен «Интернет» әлеуметтік желісі арқылы шетелдегі қарулы қақтығыс пен әскери әрекеттер туралы хабардар болып, идеологиялық мақсатты көздеп, ол өзінің қайтыс болған әкесі «Г» (1931 жылы туған) Харков қаласының тумасы болғандықтан және шетел билігі орыс ұлтының құқықтарын шектеп жатыр деп санап,  «В» жекеменшік әскери компаниясының (әрі қарай – ЖӘК) құрамында қарулы қақтығысқа қатысу идеясын жүзеге асыруға шешім қабылдаған.

 Dalanews.kz жазғандай,  осы мақсатта «Г» шетел мемлекеті аумағындағы қарулы қақтығысқа заңсыз қатысу үшін ЖӘК өкілдерімен байланыс орнатуды бастаған.

2022 жылдың қараша айында қылмыстық ниетін жүзеге асыра отырып, «Г» Жезқазған қаласынан Петропавл қаласына пойызбен барып, сол жерден таксимен Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өтіп, шетелдегі «Курган» өткізу пункті арқылы өтеді.

ЖӘК өкілдерімен байланысып, Краснодар өлкесіндегі «Молькино» ауылындағы оқу-жаттығу лагеріне барып, онда ЖӘК өкілдерімен келісімшарт жасап, шетелдегі қарсы қарулы қақтығысқа қатысуға ниет білдірген.

Келісімшартқа қол қою кезінде «Г» ай сайынғы еңбекақысы 240 000 рубль екенін және қаза тапқан жағдайда досы «С»-ға 5 000 000 рубль көлемінде қаржылай өтемақы төленетініне келіскен.

Сол күні ол ЖӘК-тің артиллериялық әскери бөлімінің қару-жарақ қоймасына жауапты болып тағайындалып, 2022 жылдың 6 желтоқсанынан бастап 2023 жылдың 6 шілдесіне дейін ол шетел Қарулы күштеріне қарсы әскери тапсырмаларды орындап, өз қылмыстық әрекеттерін жалғастырған.

2023 жылдың 28 шілдесінде «Внуково – Астана» әуе рейсімен Қазақстан Республикасына оралған.

Осылайша, «Г» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабында қарастырылған қылмысты жасап, яғни шетел мемлекеті аумағындағы қарулы қақтығысқа Қазақстан азаматы бола тұра заңсыз қатысқан.

Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындады, сондай-ақ,  оның кінәсі Ұлытау облысының Сәтбаев қалалық ҰҚК басқармасының жедел қызметкерінің рапорттарымен, жеке тінту хаттамаларымен, тұрғылықты жерін тінту хаттамасымен, ұялы телефонын тексеру хаттамасымен, екінші деңгейлі банктердегі қаржылық транзакциялар туралы деректермен және сотта зерттелген басқа да дәлелдермен дәлелденді.

Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін, ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды ескерді.

Сот үкімімен «Г» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close