Жаңалықтар

Сатыбалдының қарғысы: Алматыдағы «Байсат» базарын жеңілдікпен де сатып алмай жатыр

Алматы қаласындағы «Байсат» көтерме-бөлшек сауда нарығы 26,7 млрд теңгеге аукционға қойылғанымен, оны сатып алуға ниет білдіргендер болған жоқ. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы NewTimes.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Сауда-саттық E-Qazyna порталында өтті. Бастапқы баға 26,706 млрд теңге болып белгіленген. Бұған дейін «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» құрамындағы «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС аталған нысанды 18 қарашада 28,639 млрд теңгеге сатуға шығарған еді. Алайда бағаның шамамен 2 млрд теңгеге төмендетілуі де сатып алушыларды тартпады.

«Байсат» нарығы туралы

«Байсат» – Алматыдағы ірі көтерме-бөлшек сауда орталықтарының бірі. Мұнда көптеген кәсіпкерлер мен саудагерлер жұмыс істейді. Бұған дейін «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-нің үлесі бизнесмен Қайрат Сатыбалдының отбасына жақын аффилирленген құрылымдарға, соның ішінде оның ұлына тиесілі болған.

2024 жылдың басында Алматы қаласының прокуратурасы жүргізген тексерулер нәтижесінде нарықтың бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Компания соңғы екі жылда мемлекеттік келісімшарттар аясында 292,298 млн теңге табыс тапқан. Сонымен қатар, қызмет еткен уақыт ішінде мемлекет қазынасына 999,6 млн теңге салық төлеген.

Қазіргі таңда «Байсат» нарығы көлемі, тиімді орналасуы және коммерциялық әлеуетінің жоғары болуына байланысты маңызды сауда активі ретінде қарастырылып отыр.

Қайрат Сатыбалды туралы

Қайрат Сатыбалды — қазақстандық бизнесмен әрі бұрынғы мемлекеттік қызметкер, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені ретінде танымал. Ол әр жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары, KazakhOil компаниясының вице-президенті және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бірінші вице-президенті қызметтерін атқарған.

2010 жылдардың басында Қайрат Сатыбалды елдегі ең ықпалды әрі бай тұлғалардың қатарында болды. Ол инвестициялық құрылымдар арқылы Kaspi.kz пен Kazakhtelecom сияқты ірі компанияларда үлеске ие болған.

2022 жылдың наурыз айында Қайрат Сатыбалды қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқыру және ысырап ету айыптары бойынша ұсталған болатын.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button