Жаңалықтар

Сауд Арабиясында ішімдік сататын дүкен ашылды

Сауд Арабиясында шетелдіктерге арналған алкоголь сататын арнайы дүкеннің ашылғаны белгілі болды. Елде алкоголь өнімдерін әкелуге 1952 жылдан бері қатаң тыйым салынған болатын, деп жазады qandastar.kz ақпараттық агенттігі Euronews сайтына сілтеме жасап.

Дүкеннің сыртында ешқандай маңдайша жоқ, қауіпсіздік шаралары өте қатаң. Соған қарамастан, Эр-Риядтағы дипломатиялық кварталда орналасқан бұл сауда орнының алдында ұзын-сонар кезек пайда бола бастаған. Билік тарапынан ресми хабарлама жасалмаған, ақпарат негізінен Эр-Риядта тұратын және жұмыс істейтін шетелдіктер арасында ауызша тараған.

Куәгерлердің айтуынша, дүкен алғаш рет 2024 жылдың қаңтарында тек дипломаттар үшін ашылған. Қазір ол жерге «премиум-класс» санатындағы тұруға рұқсаты (ВНЖ) бар басқа да шетелдік, мұсылман емес азаматтар кіре алады. Бұл санатқа жоғары білікті мамандар, инвесторлар мен ірі кәсіпкерлер жатады.

Әрбір келуші міндетті түрде тексерістен өтеді: олардың мас күйде еместігі анықталады. Ұялы телефон, фотоаппарат қолдануға тыйым салынған, тіпті сатып алушылардың сағаттары мен көзілдірігіне дейін тексеріледі. Бағалар өте жоғары, ал өнім түрлері әзірге шектеулі екені айтылады. Дипломаттар кедендік төлемдерден босатылған, ал ВНЖ иелері тауардың толық құнын төлейді.

Айта кетейік, Сауд Арабиясында алкоголь импортына 1952 жылы тыйым салынған. Бұған 1951 жылы болған қайғылы оқиға себеп болған: елдің негізін қалаушы король Абдул-Азиз әл Саудтың 19 жастағы ұлы, ханзада Мишари Джиддадағы Ұлыбритания консулының үйіндегі кеште мас күйінде қару қолданып, үй иесін атып өлтірген.

Алкогольге қатысты шектеулердің біртіндеп жұмсаруы елдегі кең ауқымды реформалармен байланыстырылады. Бұл өзгерістердің бастамашысы – Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман. Ол ел экономикасын мұнайға тәуелділіктен арылту үшін шетелдік туристер мен инвесторларды көбірек тартуды мақсат еткен.

Осы реформалар аясында бұған дейін елде кинотеатрлар ашылып, музыкалық фестивальдер өткізуге рұқсат берілді, сондай-ақ әйелдерге көлік жүргізу құқығы берілген еді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button