10 қазаннан бастап Қазақстанда дүкендер мен сауда орындарына тауарлар үшін қос бағаны көрсетуге ресми түрде рұқсат берілді, деп жазады qandastar.kz.
Сауда және интеграция министрлігінің түсіндіруінше, жаңа талаптың мақсаты – баға түзілуінің ашықтығын арттыру және тұтынушының құқығын қорғау.
«Егер сатушы тауарды өз қаражаты есебінен бөліп сататын болса, онда баға белгілерінде екі түрлі баға көрсетіледі: бір реттік төлем кезіндегі және бөліп төлеу кезіндегі», – деп хабарлады министрлік.
Бұл, әсіресе, қымбат тауарларға (көлік, зергерлік бұйым, тұрмыстық техника, массаж креслосы, т.б.) қатысты өзекті. Себебі мұндай жағдайда сатушының өзі тәуекелге барады, ал ол тәуекел тауар бағасына қосылуы мүмкін.
Министрлік түсіндіргендей, егер сатып алу маркетплейстер арқылы (мысалы, Kaspi.kz, Technodom және т.б.) банкпен біріктірілген жүйе арқылы жүргізілсе, онда бөліп төлеуді сатушы емес, банк береді.
Бұл жағдайда банк пен сатып алушы арасында несие шарты жасалады, ал мұндай қатынастарды Сауда министрлігі емес, Қаржы нарығын реттеу агенттігі (АРРФР) қадағалайды.
Сондықтан қос баға ережесі тек сатушы өзі бөліп сататын жағдайларға қатысты.
Ритейлерлер не дейді?
Ірі сауда желілері жаңа ереже оларға әсер етпейтінін мәлімдеді:
- «Белый ветер KZ»: біз бөліп төлеуді тек банк арқылы ұсынамыз, өз есебімізден емес.
- Technodom: компания өзінен бөліп сату қызметін көрсетпейді, тек банктер арқылы жүзеге асады.
- Kaspi.kz: Kaspi Магазин бөліп төлеуді тек Kaspi Bank қаражаты есебінен береді, сондықтан қос баға қажет емес.
Яғни, еліміздегі ең ірі сауда ойыншыларының көпшілігі банк арқылы жұмыс істейтіндіктен, қос баға жүйесі оларды айналып өтеді.
Неліктен бұл мәселе маңызды?
Бұл тақырып бұған дейін вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің бастамасымен көтерілген. Оның айтуынша, қазіргі кезде тауарды бөліп төлеумен алған адам мен бірден төлеген адамның бағасы бірдей, бірақ іс жүзінде бөліп төлеу кезінде 15–20% дейін үстеме ақы қосылады.
«Адамдар тауарды бөліп төлегенде артық ақша төлейтінін түсінуі керек. Ал бірден төлейтіндер сол артық төлемді де өтеп отыр», – деген еді Жұманғарин.
Бұл мәселе қоғамда әділдік пен ашықтық тұрғысынан талқыланып жатыр.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов пен қаржы реттеушілері де бағаның айырмашылығын Сауда министрлігі немесе Бәсекелестікті қорғау агенттігі деңгейінде реттеу қажет екенін айтқан.
Жаңа ереже тұтынушыны қорғауға бағытталғанымен, іс жүзінде оның әсер ету аясы шектеулі:
- тек сатушының өз есебінен бөліп төлеуіне қатысты;
- банктер мен маркетплейстер арқылы жасалатын бөліп төлеуге қатысы жоқ.



