Білім
Саясат Нұрбек Президент ғылым саласын дамытуға мүдделі екенін айтты
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындай отырып, оның ішінде білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту жөніндегі нақты міндеттер мен жоспарларға тоқталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлады qandastar.kz
«Президент өз сөзінде еліміздің жаңа технологиялық дәуірге қадам басып жатқанын, цифрландырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте «Адам капиталын дамытуды және жоғары оқу орындарын білім беруден ғылыми-зерттеу тәсілдеріне көшіруді көздейтін «AI-Sana» жасанды интеллектіні оқыту бағдарламасының маңызы артып келеді», – деді ол.
Елдің ғылыми-технологиялық дамуына жаңа серпін бере отырып, білікті кадрларды даярлау және жасанды интеллект технологияларын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған жасанды интеллект бойынша AI-Sana бағдарламасы – студенттер арасында жасанды интеллект дағдыларын жан-жақты дамытуға бағытталған бірегей бағдарлама. 100 мың қатысушыны қамти отырып, ұлттық экономиканың әлеуетін ашуға және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бұл бағдарлама еліміздің цифрлық трансформациясына ықпал етері сөзсіз.
Мемлекет басшысы білім беру мен ғылымды дамыту мәселесіне де ерекше мән берді. Ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды екенін айта отырып, білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуы тиіс екенін айтты», – деді министр.