Жаңалықтар

Саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты тың дерек айтты

Замандасының жұмбақ өлімі жанына қатты батқан Болат Әбілов Instagram парақшасында өз көзімен көрген, ел естімеген оқиғаны баяндады, деп хабарлайды qandastar.kz

«Біз Заманбекпен ол Алматының әкімі болған кезде таныстық. Сол жылдары Казкоммерцбанкпен бірге бірнеше жыл қатарынан “Азия Дауысы” фестивалін демеушілегенбіз. Заманбек – шыншыл, таза, парақорлықтан ада адам еді.

1994 жылдың маусымында оның әкім қызметінен кетуі есімде жақсы сақталып қалды. Одан бірнеше күн бұрын Зәкең: “Болат, тез кел, сөйлесу керек” деп телефон шалған. Барғанымда ол мені сабырлы қарсы алғанымен, көзіндегі мазасыздықты бірден байқадым.

“Жақында мені жұмыстан алады. Бірақ мен олардың келуін күтпеймін, өзім кетемін”, – деді. Сол кезде оның премьер-министр Терещенкомен келіспеушілікке барғаны, мәселенің Назарбаевқа дейін жеткені белгілі еді. Бірақ Заманбек әдеттегідей тайсалған жоқ: ол қызметтен өз еркімен, абыроймен кетті. Турашыл, намысшыл адам болатын.

2005 жылдың 12 қарашасы… Сол кеште “Заманбек қайтыс болды” деген суық хабар жетті.
Төлеген Жүкеев екеуміз дереу оның үйіне бардық. Барлық аумақ қоршауға алынған: журналистер, полиция… Кейін адвокат Серікқали Мусинмен бірге қайта кірдік. Мақпал көз жасына тұншығып отырды.

Оған адвокат қажет болды. Сенімхатқа қол қойды да, Серікқали оқиға орнына кіріп кетті.

Кейін билік бұл қылмысты суицид деп таныды. Бірақ оған ешкім сенген жоқ. Біз көрген, білетін дүниеміз – бұл суицид емес, адам өлтіру.

Жиырма жыл өтті. Әлі де жауап жоқ. Әлі де шындық ашылмады, тергеу жүргізілмеді.
Заманбек Нұрқаділов – Қазақстан тарихында ерлік, адалдық және еркіндіктің символы болып қалды», – деп жазды Болат Әбілов.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button