Әлем жаңалықтарыЖаңалықтарСараптамаСаясат

Саясаттанушы: Қазақстанның сыртқы саясаты мұнай мен уранға тәуелді

Саясаттанушы Николай Кузьминнің айтуынша, Қазақстанның сыртқы саясаты ұзақ жылдан бері мұнай мен уранға негізделген прагматикалық мүдделерге сүйеніп келеді. Ол бұл құбылысты «петродипломатия» және «уран дипломатиясы» деп сипаттайды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Spik.kz аналитикалық басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сарапшының естелігіне сүйенсек, 1990 жылдардың соңында америкалық саясаттанушымен әңгіме барысында АҚШ үшін Қазақстандағы демократия мен сөз бостандығынан гөрі, мұнайдың «дұрыс бағытта» тасымалдануы маңызды екені ашық айтылған. Кейін Қазақстанның Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры жобасына қосылуы мен «Қазақгейт» ісінің жабылуы бұл көзқарасты нақтылай түскен.

— Қазақстанның негізгі мұнай құбырлары әртүрлі ірі державалардың мүддесін тоғыстырып отыр. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) АҚШ, Еуропа және Ресей мүдделерін біріктірсе, Атырау-Самара бағыты Ресей мен Германияға, ал Атасу-Алашанькоу құбыры Қытай нарығына қызмет етеді. Баку-Тбилиси-Жейхан бағыты саяси тұрғыдан маңызды болғанымен, экономикалық маңызы соңғы жылдары төмендеген, — деді ол.

Сарапшы соғыс пен санкцияларға қарамастан, мұнай тасымалы жүйесінде айтарлықтай өзгеріс болмағанын атап өтеді. Қазақстан мұнайының барлық көлемі келісімшарттармен бекітілген, ал КҚК санкциялардан тыс қалдырылған.

Сонымен қатар саясаттанушы Қазақстанды уран өндіру саласында «мықты держава» деп атайды. Ел уран өндіру мен экспорттау бойынша әлемде көш бастап тұр. Қазақстан әлемдік уран өндірісінің 21 пайызын, ал байытылмаған уран экспортының 40 пайызын қамтамасыз етеді. Негізгі тұтынушылар — Қытай, Ресей, Франция, Канада және АҚШ.

Кузьминнің айтуынша, уран экономикалық табыс тұрғысынан мұнаймен теңесе алмаса да, ол Қазақстанға ірі геосаяси ойыншылармен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беріп отыр.

— Токиода өткен «Орталық Азия + Жапония» саммиті Қытай тарапынан алаңдаушылық туғызуы мүмкін. Жапонияның Орталық Азияның стратегиялық ресурстарына қызығушылығы Қытайдың мүдделеріне қайшы келеді. Бұл алдағы уақытта Қазақстан экспортының Қытай аумағы арқылы транзитіне қатысты шектеулердің күшеюіне әкелуі мүмкін, — деді ол.

Оның пікірінше, Қазақстан — көпвекторлы саясат ұстанған егемен ел. Алайда теңізге тікелей шығатын жолдың болмауы логистикада Ресей мен Қытайға тәуелділікті күшейтеді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button