Жаңалықтар
«Секта ұстайды»: Ауыл тұрғындары қауіпті иттерді асыраған орталыққа алаңдаушылық білдірді

Фото: Stan.kz коллажы
Алматы маңындағы ауылда иттердің шабуылынан кейін жанжал шықты, деп жазды qandastar.kz.
Енді тұрғындар қауіпті жануарларды «діни сектанттарға» тиесілі орталық ұстағанын айтып, балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдаулы.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, балаларға шабуыл жасаған иттер «Бостандық» атты оңалту орталығына тиесілі. Бұл ұйым жайлы ашық дереккөздерде ақпарат аз, ал компаниялар базасында мүлде тіркелмеген. Соған қарамастан, орталық 20 жылдан астам жұмыс істейді. Жергілікті халық оның артында «протестанттық секта» тұр деп есептейді.
«Бұл секта, бәрі біледі. Өзімнің туған нағашым сол жерде. Туыстарымның жартысы сол жерде. Олар ерекше кітаппен дұға жасайды. Ай сайынғы табыстарының 10 пайызын жетекшісіне тапсырады. Өз көзіммен көрдім. Бұлар кәдімгі христиандар да, мұсылмандар да емес, тіпті баптистер де емес. Өз жүйелері бар», – дейді ауыл тұрғыны Әлия.
Шабуыл болған жердің қасында балабақша орналасқан. Жергілікті тұрғындар қауіпсіздіктері үшін алаңдайды.
«Бізге керегі – тек әділдік пен балалардың қауіпсіздігі», – дейді олар.
Тұрғындардың айтуынша, орталық иелері тек баланы құтқарып қалған азаматқа емес, жәбірленушінің отбасына да қоқан-лоқы көрсетіп жатыр.
Жергілікті белсенділердің сөзінше, Екатерина жалғызбасты ана, бес баласы бар. Бір қызын жерлеген, бір ұлы – І топ мүгедегі. Олар жалдамалы үйде тұрады.
«Бүгін баланы Қаскелеңдегі жансақтау бөлімінен облыстық ауруханаға ауыстырды. Екатерина бір тәулік баласының қасында болған, оны әпкесі алмастырды. Әйел өте шаршаған, моральдық және физикалық тұрғыда күйзелген», – деді еріктілер.
Жергілікті белсенділер мен еріктілер жәбірленуші отбасына көмек көрсету үшін бастамашыл топ құруға шешім қабылдады. Олар орталық иелерінің тарапынан қысым болуы мүмкін екенін, істі «жабуға» тырысатынын жоққа шығармайды.
«Қорқытып-үркіту немесе сатып алмақ болуы мүмкін. Біз бұған жол бермейміз», – деді жергілікті белсенділер.