Жаңалықтар
Семейде қайғылы жағдай: Ауыр жүк көлігі жас қызды қағып өлтірді

Семей қаласында аса қайғылы жол-көлік оқиғасы тіркелді. Морозов көшесінде 45 жастағы ер адам тізгіндеген ЗИЛ ММЗ 4502 маркалы ассенизатор көлігі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 35 жастағы әйелді қағып кетті, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Оқиға 25 маусым күні кешкі уақытта болған. Куәгерлердің айтуынша, көлік Шевченко көшесіне қарай бағыт алған. Алайда жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермей, салдарынан әйел ауыр жарақат алып, жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.
Бұл деректі ШҚО Полиция департаменті растады. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі — «Көлік құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Қазір бірқатар сот сараптамалары тағайындалды. Нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Айта кетейік, бұл оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап үлгерді. Желі қолданушылары жол қауіпсіздігіне жауапты органдардан нақты шаралар қабылдауды талап етуде.