Семей қаласында полиция тұрғын үйді рәсімдеуге көмектесемін деп уәде берген 56 жастағы әйелді алаяқтық күдігімен ұстады. Күдіктінің әрекеттерінен азаматтарға 20 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілген, деп хабарлайды Zakon.kz. Ақпаратты дереккөзге сілтеме жасап Qandastar.kz сайты жариялады.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылдың тамыз айында күдікті азаматтардың сеніміне кіріп, Семей қаласынан пәтер алуға жәрдем көрсетуді ұсынған. Ол тұрғын үйді жылдам рәсімдеп беруді сылтау етіп, жәбірленушілерден ірі көлемде ақша алып, қаражатты өзінің банк шоттарына аудартқан.
Жалпы алғанда бірнеше адам зардап шеккен. Үржар ауданының 32 жастағы тұрғыны 8 млн 500 мың теңге аударса, Семей қаласының 55 жастағы тұрғыны 3 млн 250 мың теңгесінен айырылған. Тағы бір азамат 9 млн теңге жоғалтқан. Күдікті кінәсін мойындағанымен, алынған қаражат жеке қажеттіліктерге жұмсалып кеткендіктен, ақшаны қайтару мүмкін болмаған.
Аталған дерек ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу жұмыстары жалғасып, өзге де ықтимал эпизодтар тексерілуде.
Полиция тұрғындарға жылжымайтын мүлік рәсімдеу кезінде тек ресми және сенімді мекемелерге жүгінуді ескертеді. «Заңсыз жолмен мәселені шешіп беремін» деген уәделер көбіне қаржылық шығынға және қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін хабарлайды.



