Әлеумет және қоғам

Семейде ұлтаралық араздықты қоздырған жасөспірім 1 жыл 4 айға сотталды

Семей қаласында кәмелетке толмаған жасөспірім Telegram желісінде ұлтаралық араздықты қоздыратын чат құрып, ұлттық белгілер бойынша кемсітетін хабарламалар таратқаны үшін сотталды. Сот оған 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.

Семей қаласында жасөспірім ұлтаралық араздықты қоздырған әрекеті үшін сотталды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап.

Абай облыстық сотының мәліметінше, 2025 жылдың ақпан айында кәмелетке толмаған азамат Telegram мессенджерінде «Skinheads industries-Semey» атты чат ашып, оны өзі басқарған. Ол топта ұлттық белгілер бойынша кемсітетін мәтіндік және аудиохабарламалар жариялап, Үндістаннан келген студенттер мен олардың мәдениетін қорлайтын пікірлер айтқан.

Сонымен қатар жасөспірім чат мүшелерін өз көзқарасын қолдауға және басқа адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды да осы қауымдастыққа тартуға шақырған. Оның әрекеті Семей аумағында экстремистік идеяларды таратуға бағытталғаны анықталды.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Қылмыстық кодекстің тиісті баптарын және кәмелетке толмағандарға қатысты жазаны жеңілдету нормаларын ескере отырып, сот оған 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енді. Мамандар ұлтаралық араздықты қоздыру, ұлттық белгі бойынша қорлау және өшпенділікке шақыру интернет арқылы жасалса да, қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

Бұған дейін Петропавлда да бір жасөспірім Telegram арқылы жалған хабар таратып, қауіптің алдын алу үшін ақша талап еткені туралы ақпарат жарияланған болатын.

Back to top button