Жаңалықтар
Сенатор: Солтүстік пен шығыста халық саны азайған

Қазақстанда демографиялық саясат фрагментті сипатта қалып отыр, ал оны жүзеге асыруда жүйелілік пен үйлесімділік жетіспейді. Бұл туралы Сенат отырысында депутат Амангелді Толамисов өзінің депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz
Сенатордың айтуынша, демография мен көші-қонды басқару функциялары әртүрлі мемлекеттік органдар арасында шашыраңқы орналасқан. Бұл жүйелі талдау жүргізуге және нақты жоспар құруға мүмкіндік бермейді. Оның салдарынан елде туу көрсеткіші төмендеп, халықтың қартаюы, өңірлік теңсіздік, әсіресе солтүстік және шығыс аймақтардағы халық санының азаюы, көші-қон ағынының артуы және урбанизацияның күшеюі байқалып отыр.
«Қалыптасқан сын-қатерлерді жеке бастамалармен еңсеру мүмкін емес. Бұл мәселелерге ғылыми негізделген, ведомствоаралық үйлестірілген, біртұтас кешенді көзқарас қажет», – деді Толамисов.
Оның пікірінше, қазіргі жағдайда бұл салаға жауапты бірыңғай орталықтың жоқтығы өкілеттіктердің бұлыңғырлануына және басқарудың тиімділігінің төмендеуіне себеп болып отыр. Осыған байланысты сенатор қолданыстағы мемлекеттік органдардың біріне демография мен көші-қон саласындағы негізгі үйлестіру функцияларын заңнамалық деңгейде бекітіп беруді ұсынды.
Сенатор сондай-ақ демография саласындағы ғылыми-талдау жұмысын дамыту қажет екенін айтты. Оның ішінде ұлттық талдау орталығын құру – демографиялық және көші-қон үдерістерін әлеуметтік-экономикалық факторлармен бірге жан-жақты зерттеуге және мемлекеттік саясатты дәл жоспарлауға мүмкіндік бермек.
Бұған қоса, Амангелді Толамисов бұл стратегияны тиімді жүзеге асыру үшін білікті кадрларды даярлау мәселесіне де ерекше назар аударды.