Әлеумет және қоғамЖаңалықтарСараптама

Сенаторлар дабыл қақты: 140 мың қазақстандық шетелге жұмыс іздеп кеткен

Елдегі аграрлық сектор мен ауылдық аймақтарда маман тапшылығы күрт ушығып отыр. Бұл туралы Сенат депутаттары премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды qandastar.kz

140 мыңнан аса азамат шетелге кеткен 

Депутаттардың дерегінше, тек 2024 жылдың өзінде 140 мыңнан астам қазақстандық маусымдық немесе тұрақты жұмыс іздеп шетелге кеткен. Ал ауылдық жерлерде агроном, ветеринар, агроинженер, қайта өңдеу саласының қызметкерлері және маусымдық жұмысшылардың жетіспеушілігі жұмыс процесін баяулатып жатыр.

Шетелдік жұмысшылар тартылғанымен, тапшылық сақталып отыр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы ауыл шаруашылығына 3 096  шетелдік қызметкер тартылған. Алайда бұл да тапшылықты толық жаппаған.

Осы ретте депутаттар аграрлық салада жоғары білікті мамандар да аз екенін айтты. 2024-2025 оқу жылында аграрлық университеттер 1 784, колледждер 5 мыңға жуық түлек шығарғанымен, олардың тек 38-40%-ы ғана мамандығы бойынша жұмыс істейді.

Университеттердің жұмыспен қамтуды жалпы көрсеткіш бойынша есептеуі нақты жағдайды бұрмалап, кадрлық жоспарлауға кедергі келтіреді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы нәтижесіз

Депутаттар ауылға барған жас мамандардың тұрғын үймен қамтылуы өте төмен екенін айтты: 2024 жылы бағдарламаға қатысқандардың тек үштен бірі ғана баспана алған.

Зардап шегіп отырған негізгі топ — төмен білікті жұмысшылар. Бағдарлама оларды қамтымайды, ал бұл санат қазір ең тапшы мамандардың бірі.

Саладағы жалақы да ең төмендердің қатарында, ал жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар ауылдық мамандарға қолжетімсіз.

Ветеринарлардың жетіспеушілігі – маңызды мәселе

Ел бойынша ветеринария саласында 373 бос орын, инспекцияларда 185 вакансия ашық тұр.

Маманның орташа жасы — 49, әр оныншысы 65 жастан асқан. Бұл кадрлар сабақтастығына қатер төндіреді.

Оқыту жүйесі нарық талаптарына сәйкес келмейді

Аграрлық білім беру бағдарламалары цифрландыру, автоматтандыру, инновациялық технологияларды енгізу талаптарына сай емес.

Бизнес өзіне маман таппай, кадр іздеу процесін жергілікті атқарушы органдармен байланыстырмай жүргізуде.

Депутаттар ұсынысы: салаға кешенді реформа қажет

Сенаторлар ауылдағы кадрлық дағдарысты шешу үшін келесі шараларды қабылдауды ұсынды:

1. Түлектерді бақылау және білімді практикамен байланыстыру

— аграрлық ЖОО мен колледж түлектерінің нақты жұмысқа орналасуын мониторингтеу;

— өңірлік қажеттілікті анықтау;

— дуалды оқытуды кеңейту;

2.  Кадрларды даярлау жөніндегі жол картасын қабылдау

— аграрлық білімді жаңғырту;
— сала қызметкерлеріне әлеуметтік пакет (тұрғын үй, жеңілдіктер, отбасына қолдау);

— уақытылы қаржыландыру;

— «Дипломмен ауылға» бағдарламасын кеңейту

3. Бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесін құру

— Түлектердің еңбек жолын қадағалайтын платформаны ЖОО, әкімдіктер және жұмыс берушілер базаларымен біріктіру.

4. Ауыл мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз ету

-қарыз жүктемесі жоғары азаматтарға ыңғайлы механизмдер;

— уақытша жатақхана немесе жалдамалы баспанамен қамтамасыз ету.

Сенаторлар Үкіметті бұл мәселеге стратегиялық тұрғыда қарауға шақырды және заңда белгіленген мерзімде ресми жауап беруді талап етті.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button