ӘкімЖаңалықтар

Сенсация ма, сәйкестік пе? Әкім мен сотталған кәсіпкердің суреті ел талқысына түсті

Абай облысының әкімі Берік Уәли «Әліби ісі» бойынша сотталған Арман Әбілтаевпен түскен сурет туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды qandastar.kz

Брифинг барысында журналистер әкімнен атышулы істің фигурантымен суретке қандай жағдайда және қашан түскенін сұрады.

Берік Уәлидің айтуынша, ол бұл суреттің бар екенін тек ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін ғана білген.

«Мен бұл адамның кім екенін ол туралы жаңалық шыққаннан кейін ғана білдім. Бұрын жеке таныстығым болмаған. Сол күні біз құрылыс нысанында жұмысшылармен кездескен едік. Солардың қатарында бұл азамат та болыпты. Әрқайсысымен жеке-жеке суретке түстік. Кейін бұл суреттер әлеуметтік желіде тарап, БАҚ-та жарияланды. Мен оның бұрынғы өмірінен хабарсыз едім, ешқашан кездеспегенмін. Барлығын ашық айтып отырмын», – деді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, сурет биыл тамыз айында жарияланған. Ал Әбілтаев сол кездесуге басқа құрылысшылармен және серіктестермен бірге келген.

Еске салсақ, 2015 жылы сәуір айында Астана тұрғыны Әліби Жұмағұловтың соққыға жығылуы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Оның әкесі ұлының суреттерін әлеуметтік желіге жариялап, оқиғаға кәсіпкер Қайрат Жамалиевтің қатысы бар екенін айтқан. Кейін Жамалиев пен бірнеше адам, соның ішінде Арман Әбілтаев та, сот үкімімен түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Бұған дейін Берік Уәли облыс әкімдігі қызметкерлері үшін 450 миллион теңгеден астам қаржыға жиһаз сатып алу бойынша тендер жарияланғанын да мәлімдеген болатын.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button