Әлем жаңалықтарыӘлеумет және қоғамЖаңалықтар

Сербия президенті Қазақстанның құрылыс компаниялары мен инвесторларын өз еліне шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Мемлекет басшысы бұл сапар Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толу қарсаңында өтіп жатқанына назар аударды.

«Сербия Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктесіміз саналады. Көптеген саладағы өзара тиімді байланыстарымызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Бүгін екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тәсілдерін талқыладық. Өз тарапымыздан екі ел арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге барлық жағдайды жасайтынымызды жеткізгім келеді», – деді Тоқаев.

Қазақстанда 60-тан астам сербиялық компания қызмет етеді.

Президент еліміздің бірқатар халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін Сербия тарапына ризашылығын жеткізді.

Өз кезегінде Александр Вучич қонақжайлық танытқаны үшін президентке алғыс айтып, Белград Астанамен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.

«Біз Қазақстан ұсынған бірқатар бастамаларды жүзеге асыруға әзірміз. Бұл Сербияда ғана емес, Еуропаның аталған аймағындағы маңдайалды жобалар болмақ. Сондай-ақ қазақстандық SCAT компаниясына әуе кеңістігінде бесінші деңгейлі еркіндік беру мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Ортақ іс-қимыл арқылы аталған мәселені шеше алатынымызға сенімдімін. Сербияға Қазақстанның сенімді құрылыс компаниялары мен инвесторлары келгенін қалаймыз. Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартып қана қоймай, өзара мәдени, туристік байланыстарды жандандыруға да септігін тигізеді. Өз тарапымыздан Сіздің еліңіздің экономикасына инвестиция салғысы келетін сербиялық кәсіпкерлерді ынталандыруға барынша күш-жігер жұмылдырамыз», — деді Александр Вучич.

Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар, атап айтқанда, сауда-инвестиция, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар, цифрландыру, жасанды интеллект, құрылыс және туризм салаларындағы ықпалдастық мәселелері қарастырылды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button