
Мемлекет тарапынан кәсіпке қолдау бар-ау, алайда басы артық тексеріс те тыйылмай тұр. Әсіресе құқықтық талаптан зардап шегіп, залалын көріп отырған – шағын кәсіпкерлік. Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында отандық бизнес өкілдерін қолдау керегін айтқан болатын. Арада бір айға жуық уақыт өтті, ендігі өзгері қалай болмақ?
Жалпы елде экономикалық дамудың жаңа үлгісіне көшуге басымдық берілуде. Жоспар бойынша, 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайтып, 450 млрд АҚШ долларына жеткізу көзделген. Сондықтан бұл ауқымды әрі күрделі міндетті іске асыру үшін шағын және орта бизнесті дамыту аса маңызды.
2024 жылғы деректер бойынша Қазақстанда 1,5 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Олардың елдің ЖІӨ-дегі үлесі 35%-ке жуықтайды, ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 50%-тен асады. ШОБ секторында 3 миллионнан астам адам еңбек етеді — бұл осы саланың елдің тұрақты дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Жаңа кодекс келеңсіздігі
Солай бола тұра, кейінгі жылдағы өзгерістер саланы құлдыратып отыр. Мысалы, Жаңа Салық кодексіне енгізілген шектеулер шағын және орта бизнеске қауіп төндіріп тұр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәлімдеуінше, жеңілдетілген салық жүйесінен шығып қалған кәсіпорындардың бір бөлігі жабылып немесе көлеңкеге кетуі мүмкін. Ал жалпыға ортақ режимге өтетіндер үшін шығын көбейіп, тауар мен қызмет бағасы қымбаттауы ықтимал.
Әсіресе, денсаулық сақтау, туризм, бөлшек сауда, зергерлік өнер салаларында жағдай қиындай түседі деген болжам бар. Салық қысымы ең алдымен шағын өндіріс пен қолөнерге ауыр тиюі мүмкін. Қолдан жасалған косметика мен тұрмыстық бұйым шығаратын кәсіпорындар, шағын наубайханалар мен тоқыма цехтарынің бухгалтерияны жүргізуге шамасы жетпейді. Электрик, сантехник, ағаш шебері сияқты тұрмыстық қызмет көрсететін мамандар да жаңа талапқа бейімделе алмайды.
Мемлекеттік қолдау кеміді: «Дамудан» қайтарымсыз гранттарға дейін
Жақында Мәжіліс қабырғасында депутат Жарқынбек Амантайұлышағын және орта кәсіпкерлікті гранттық қолдау жүйесіндегі кемшіліктер туралы депутаттық сауал жолдадым. Онда қаражаттың тиімді жұмсалуы толық бақыланбайтыны, нақты нәтижеге мониторинг жасалмайтыны, кейде сыбайластық пен тамыр-таныстық орын алатын айтылған.
Бұған дейін мәселені «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбаев да көтерген болатын. Депутаттың айтуынша, субсидия уақытылы берілмей, кәсіпкерлер тығырыққа тіреліп отыр.
«Соңғы кездері шағын және орта бизнестің несиесіне бюджеттен субсидияның кешіктіріп берілетіні “тәртіпсіз” тәртіпке айналды. Елімізде жүз мыңдаған кәсіпкер онсыз да қымбат несиесінің пайыздық сыйақысына мемлекет уәде еткен өтемақыны айлап ала алмай, сарылып күтіп отыр», – деді депутат.
Оның айтуынша, қазір Алматы қаласынан басқа өңірлердің бәрінде бағдарлама тоқтап қалған.
«Қалған өңірлерде субсидияға бөлінген қаржы жазда таусылып қалған, жаңа өтініштер әзірге жауапсыз қалып отыр. Бірақ оңтүстіктегі мегаполистің кәсіпкерлеріне де тықыр таянған», – деді Толықбаев.
Депутат несие пайыздарының жоғары екенін және «Даму» қорының жұмысын сынға алды.
«Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергендіктен, екінші деңгейлі банктер беретін несие мен лизинг шарттары кәсіпкерлеріміз үшін өте ауыр. Бизнеске беретін несиенің пайыздық сыйақысының жылдық мөлшерлемесі 25 пайызға жетеді. Батпандай борышты орта және шағын бизнес қалай төлейді? «Даму» қоры жыл басынан бері банктер шағын және орта бизнестің жалпы құны 300 млрд теңге болатын 2 200 жобасын мақұлдағаны туралы дерек ұсынады. Шын мәнінде, 120 млрд теңге ғана жұмсалған, яғни өтініш бергендердің 40 пайызы ғана несиеге қол жеткізген. Қалған кәсіпкерлер қолдаусыз, құралақан қалды», – деді депутат.
Депутат Мақсат Толықбаев кепілдік беру тетігінің күрделі екенін атап өтіп, банктерді «Даму» қорын капиталдандыруға міндеттеу шешімін тиімсіз деп бағалады.
«Кепілдікке қоятын мүлкі жоқ бизнес өкілдерінің борышын кепілмен қамтамасыз ету жағын оңтайландыру, кәсіпкерге ыңғайлы болуы керек еді. Оған жауап ретінде Ұлттық экономика министрлігінің қор капиталына қатысты ұсынған ережесі керісінше «бұл қалай?» деген сан сауал тудырып отыр. Естіген құлақта жазық жоқ, «Даму» қорына құюға тиіс жарна сомасын банктер “квазисалық” деп атап жатыр. Банктер қаржысын қордың капиталына салып қойғанша, қаржыдан қысылған бизнеске несие бергені дұрыс емес пе?» – деді Толықбаев.
Расында, мемлекет бөлген миллиардтаған қаржы өз мақсатына жетпей, берекесіз ысырапқа айналуда. Осы мәселелерге байланысты сарапшылар бірнеше ұсыныс айтып келеді. Оның біріншісі, шағын және орта бизнестің алған несиелеріне субсидия төлеуді қайта жалғастыру керек. Яғни, субсидия толық әрі уақытылы берілсе, кемшілік болмайды деген сөз.
Екіншіден, кепілдендіру қорын капиталдандыру тетігін қайта қарап, оны қаржыландыруға өзге секторды да дарту. Қысқаша айтсақ, мемлекеттік даму институттары мен квазимемлекеттік құрылымдар, ірі кәсіпорындар кепілдендіру қорына атсалысқаны абзал.
Жалпы елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңмен және «Бизнестің жол картасы», «Бастау» сынды бірқатар мемлекеттік бағдарламамен реттеледі. Аталған ұсыныстар мен мәселелер тізбегі осы заң мен бағдарламаға енсе, саланың келешегі жарқын болары анық



