Әлеумет және қоғам

Шахтинскте газ жарылысы: бірнеше адам зардап шекті

Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан 8 адам жарақат алды, оның ішінде полиция қызметкерлері де бар. Құтқарушылар жедел әрекет етіп, тұрғындарды эвакуациялап, өртті толық сөндірді. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері анықталуда.

Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында орналасқан тұрғын үйлердің бірінде газ-ауа қоспасының жарылысы болып, бірнеше адам зардап шекті. Оқиға туралы хабар 112 қызметіне полиция тарапынан түскен.

Хабарлама алынғаннан кейін небәрі 4 минут ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері оқиға орнына жеткен. Сол сәтте пәтер ішінде жиһаз бен тұрмыстық заттардың жанып жатқаны анықталған.

Құтқарушылар баспалдақ арқылы жоғарғы қабаттардан 5 адамды эвакуациялады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін полиция қызметкерлері де тұрғындарды сыртқа шығаруға көмектескен, ал кейбір тұрғындар ғимараттан өздігінен шыққан.

Зардап шеккендер саны – 8 адам, оның ішінде 5-еуі полиция қызметкерлері. Барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді. Тұрғындарға арнайы вахталық көлікте жылыту ұйымдастырылып, қосымша жылыту пункті ашылды.

Өрт сөндірушілер 40 шаршы метр аумақтағы өртті толықтай сөндірді. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен барлық мән-жайлары анықталып жатыр. Оқиға орнында арнайы штаб құрылып, құтқарушылар, медицина қызметкерлері, полиция және жергілікті билік өкілдері жұмыс істеуде.

ТЖМ мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарды жариялады.

Back to top button