Жаңалықтар
«Сheck up жасады…» – Депутат Ермұрат Бапиды әлдекімдер улауы мүмкін бе?
Фото: ғаламтордан
Өткен жексенбіде Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Фейсбуктегі парақшасына ауырып қалғанын айта келе, «улану мен уландыруға қатысты күдік бар дейді…» деп әлдебір жайттың шетін шығарғандай болды.
Депутаттың: «Диагноз белгісіз… Улану мен уландыруға қатысты күдік бар дейді… Клеткалық-молекурялық негізде диагностика қажет екен… Көрерміз… Аман болайық, ағайын!», – деген жазбасынан соң жұрттың ойы сан-саққа жүгірді. Біреулер мұны «ресейлік агенттердің ісі болуы мүмкін» десе, енді біреулер «аналардан бәрін күтуге болады» деп Ескі Қазақстан өкілдерін меңзейді. «Демократия деп шапқылап жүріп шаршағансыз ғой» деп жазба қалдырғандар да бар.
NEGE тілшісі екі күннен бері ауруханада қаралып жүрген Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың өзіне хабарласып, жағдайын сұрады.
– Улану деген болжам бар. Бірақ бұл әлі нақтыланған жоқ. Менде бұл дерт наурыз айынан бері пайда болды. Сол кезде ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасына 15-20 күн жатып, анализ тапсырғанда да диагнозы табылмады. Қан, гистология, паразит, биопсияға дейін, барлық анализді тапсырдым. Қазақстанда қандай диагнозға тапсыруға болады, бәрін алды.
Былайша айтқанда, chek up жасады ғой. Ештеңе табылмады. Мамандар консилиум кезінде «улануың мүмкін» деген нұсқа келтіріп, жасушалық деңгейде тексеру керектігін айтты.
Қолымдағы ісік ауық-ауық шығып тұрады. Бір аптаның, он күннің ішінде қышып бастайды да, ісіп кетеді. Қышыған кезде жанымды шығарады. Сосын ісіген жердің температурасы көтеріледі. Улану мен уландыруға қатысты айтқаным – болжам ғана. Сондықтан нақты айтуға келмейді. Дәрігерлер де: «Бұл біздің 40 жылдық тәжірибемізде болмаған дүние», – деп күдіктеніп отыр. Қазір шетелдік бір клиникаға қаралу керек деген ұсыныс айтты. Яғни, жасушаның бәрін тексеру қажет. Жағдайым осындай.